Қызылордада қызылша ауруының 71,1 пайызы екпе алмағандар арасынан анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2025 жылы Қызылорда облысында 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің 96,8 пайызы вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе қабылдады. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен хабарлады.

қызылша
Фото: gov.kz

Дегенмен мамандар одан бас тартатындар қатары азаймағанын айтып отыр. Былтыр көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 18,7%-ға жоғарылады. Оның ішінде қызылшаға қарсы вакцина алмағандардың 35,5%-ы — 1 жасқа дейінгі балалар. Ал 46,5%-ның ата-аналары қарсылық білдірген, 17%-да медициналық қарсы көрсетілім болған.

— Екпеден бас тарту ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне әкеп соғады. Сондықтан біз халыққа вакцинацияның тиімділігін, одан бас тартудың кері кері әсері туралы кеңінен түсіндіріп келеміз. Әр емханада екпеден бас тартқан ата-аналармен консультативті топтар жеке жұмыс жүргізеді. Мұндай іс-шараның нәтижесі де жоқ емес. 19 ата-ана көзқарасын өзгертіп, балаларына екпе салдырды, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

қызылша
Фото: Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауына сай, иммундау жыл сайын 3 миллионға дейін өлім-жітім жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда кейбір тұрғындардың салғырттығы дерттің таралу қаупін арттырады. 

 — Оған дәлел — өткен жылы тіркелген 339 деректің 71,1%-ы екпе алмағандар арасынан анықталды. Аурушаңдықтың салыстырмалы түрде өсу тенденциясы өткен жылдың маусым айынан басталды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі — 1-4 жас аралығындағы балалар, олардың үлесі — 56%. 2025 жылғы аурушаңдық деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 есе төмен. Бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Сондықтан сақтық шараларын жалғастыру керек, — деді департамент басшысының орынбасары. 

Биылдыққа қызылша ауруының зертханалық жолмен расталмаған, эпидемиологиялық байланысы бар 17 клиникалық жағдайы есепке алынды. Дертке тосқауыл қою мақсатында бүгінде аймақта 6 айлық және туғанына 10 ай 29 күн толған балалар арасында ата-анасының келісімімен қосымша иммундау шарасы қолға алынды.

Одан бөлек, екпе мерзімін өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қамтылады. Қызылшамен ауыратын науқаспен тығыз байланыста болған, егілмеген немесе толық егілмеген 30 жасқа дейінгі адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 72 сағат ішінде шұғыл вакцинация жүргізіледі. Уақытылы вакцинация — қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы. Ол ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген және тегін.

Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жасалады. Елімізде тұрғындарды иммундауға Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өткен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар ғана пайдаланылады.

— Спортпен, жаттығумен айналысу, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану иммунитетті көтеретіні анық. Бірақ инфекция қоздырғышынан үнемі қорғай алмайды. Екпе алмаған адам осы инфекцияға өте сезімтал келеді. Азғантай уақытта науқаспен байланысқан жағдайда қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Осы орайда біз, дәрігерлер тұрғындарды қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеріп, вакцина алмаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емхана көмегіне жүгінуге, медициналық қарсы көрсетілімге байланысты екпе алмаған балалардың адам көп жиналатын орындарда болуын шектеуге кеңес береміз, — деді Әлия Әбдіқайымова.

Қазақстандықтар ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін екпе алуға құқылы. Соңғы 15 жылда облыста вакцина арқылы басқарылатын жұқпалы ауруларға, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит, пневмококк инфекцияларына шалдығу деректері анықталған жоқ. 2024 жылмен салыстырғанда былтыр 25 нозология бойынша сырқаттану деңгейі төмендеді.

Еске салайық, өткен жылы Қызылорда облысында көкжөтелдің 6 дерегі зертханалық, клиникалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды.

Соңғы жаңалықтар