Қызылордада көлік жылдамдығын бақылайтын «көзге көрінбейтін» камералар пайда болды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада жылдамдықты бақылауға арналған «көзге көрінбейтін» камералардың пайда болғаны туралы ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

Аталған ведомстводан хабарлағандай, департамент иелігіндегі арнайы белгілері жоқ қызметтік автокөліктерге жылдамдықты автоматты түрде анықтайтын «Ekin X-Spotter» атты құрылғылар орнатылды.
— Облыс орталығында жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісіне талапты күшейту мақсатында құқық бұзуды тіркейтін мобильді автоматтандырылған кешендерді пайдалана отырып, жасырын патрульдеу тәжірибесі қолданысқа енгізілді. Мұндай кешендерді қолдану халықаралық тәжірибеге сай келеді. Жасырын патрульдеу бірнеше мемлекетте кеңінен қолданылып, жол үстіндегі құқық бұзудың алдын алу бағытында тиімді құрал ретінде дәлелденді, — деді департаменттің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мұратбек Манатов.
Тәртіп сақшылары осы орайда көлік жүргізушілерінен жылдамдықты асырмауды, тәртіпке бағынуды сұрайды.
Бұған дейін біз өңірде жыл басынан бері мопедтерге қатысты 12 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, оның басым бөлігі жол қозғалысы кезіндегі талапты сақтамағаннан, жолда жүру ережесін бұзғаннан екенін жазғанбыз.