Қызылордада көмір қаншадан сатылып жатыр?
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Алдағы жылу маусымына Қызылорда облысындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы, сондай-ақ қажетті көмір қорын жинау мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына жоспарға сәйкес 139,3 мың тонна қатты отын қажет. Оның 117,4 мың тоннасы тұрғындарға, 21,9 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.
– «Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметі бойынша бүгінгі күні өңірге 21,9 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір қоймаларында сонымен 27,9 мың тонна қор жиналды. Облыс көлемінде 19 өңірлік оператор жұмыс істеп тұр. Көмір бағасы маркаларына және жеткізу қашықтығына сәйкес 17 мың мен 27 мың теңге аралығында сатылып жатыр, - делінген хабарламада.
Оның ішінде Шұбаркөл, Қаражыра, Богатырь, Екібастұздан жеткізілген қатты отынды тұтынушылар қоймадан ала алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысындағы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға биыл 13,5 млрд теңге бөлінді.