Қызылордада қос бүйрегі істен шыққан 450 адам бар
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында қос бүйрегі істен шығып, аппаратқа таңылған 450 адам бар. Соның 281-і донор трансплантациясына талай жылдан бері кезекте тұр. Kazinform тілшісі кезектің неге жылжымайтынын зерттеп көрді.
Облыс бойынша трансплант үйлестіруші, жоғары дәрежелі нефролог Лиза Нұрсұлтанованың айтуынша, 2014 жылы өңірде бірінші рет бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Жас жігітке туған қарындасы бір бүйрегін беріп, отаны А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталықтан келген хирургтер жасады. Ал көпбейінді облыстық аурухана басшылығына PhD доктор, трансплантолог Жасұлан Баймахановтың, оның хирургия жөніндегі орынбасары болып трансплантолог Ербол Серікұлының тағайындалуы жабырқаулы көңілге медет болды. 2023 жылдан бері дәрігерлер облыста тағы 8 адамның бүйрегін ауыстырды.
– Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларында трансплант орталықтар бар. Осыған дейін сол орталықтарда және Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында 95 адамға бүйрек трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Соның ішінде 9 адамға ота өзімізде жасалды. Барлығының денсаулығы жақсы. Бүйрек салдырған 95 адамның 70%-і – жастар. Бүйрек жетіспеушілігінің себептері – қан қысымының жоғары болуы, жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті, гламируонефрит, созылмалы аурулар, жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артрит.
Ревматоидты артритқа шалдыққан адам ауруды басатын дәрілерді көп пайдаланады, ал бұл бүйрек пен бауырдың қызметіне зақым келтіреді. Бүйрек – сүзгі. Адам жүрек инфарктіне, инсультіне шалдықса, емделеді. Ал бүйрек бүрісіп, қан бармаса, сүзгі істен шығады. Бүйректің қызмет көрсету көрсеткіші 15%-дан төмендесе, гемодиализге жіберуге немесе бүйрегін ауыстыруға тура келеді, - деді Лиза Нұрсұлтанова.

Бүйрек жетіспеушілігіне әкеп соғатын ауру түрлері егде жастағы кісілерге тән болғандықтан көбіне үлкендердің бүйрегі «отырады». 65 жасқа толмағандардың барлығы донор кезегіне тіркелген.
Қызылорда қаласындағы диализ орталығының меңгерушісі Гүлнұр Жәлиева бүйрек ауруының 5-сатысынан бастап науқастар гемодиализ процедурасына тәуелді болатынын жеткізді.
– Бұл кезде бүйректің қызметі 15% және одан төмен болады. Науқастың аппаратқа тәуелділік ұзақтығы – орта есеппен 10 жыл, бұл енді оның нақты диагнозы мен аурудың асқынуына, өмір сүру салтына, дәрігер нұсқаулығын орындауына байланысты, - деді ол.

Диализ орталығы аймақтағы 7 ауданның 2-еуінде жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Әбубәкірованың айтуынша, бұл пациенттер санына байланысты болып отыр.
– Облыста 10 диализ орталығы бар. Сырдария және Қармақшы аудандарында ғана жоқ. Диализ орталықтарына ұсыныс білдірдік, бірақ науқастар санының аздығына байланысты ашуға мүмкіндік жоқ. Өйткені ол тиімсіз. Бүйрек жетіспеушілігі сырқатына шалдыққандар ем-дом үшін биылдан бастап инватакси қолданып жүр. Барлық қала мен аудан орталығында тасымал мәселесі шешілген. Біз науқастармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, - деді басқарма өкілі.

Қызылорда қаласының 51 жастағы тұрғыны Ақмарал Әбсатованың өмірі «жасанды бүйрек» аппаратына жалғанған.
– Қан қысымым жоғары. Бір жағынан жас кезімде ет сатам деп ауруымды асқындырып алдым. 2022 жылдан бері диализ қабылдаймын. Аптасына 3 рет 4 сағат бойы аппаратқа таңылған күйі жатамын. Бірыңғай диета сақтап, күтіну керек. Донор кезегінде тұрғаныммен еш жылжымайды, менен бұрын тіркелгендердің өзіне кезек тиген жоқ, - дейді кейіпкеріміз.
Статистикаға қарасақ, бүйрек трансплантациясын жасатқан 95 қызылордалықтың небәрі 3-еуіне бүйрек қайтыс болған адамнан алынып салынған.
– Елімізде 4,5 мыңдай адам күтім парағына жазылған. Биыл 12 адамға ғана мәйіттік донор жасалды. Қызылордада кезек мүлдем жылжымайды. Өйткені халық мәйіттік донордың маңызын әлі жіті түсінбейді. Біз күтім парағындағы науқастардың өмір сүру сапасын, ұзақтығын арттыру үшін мұны кеңінен насихаттауға тиіспіз.
Жол апаты, инсульттен кейін ми өлімі тіркелген кісілердің туыстарымен сөйлесеміз. Ми өлімі биологиялық өліммен бірдей. Адам жан сақтау бөлімінде жатқанда аппаратпен жүрегі соғып тұрады. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Туыстары рұқсат берсе, марқұмнан екі бүйрек, бауыр, жүрек, көздің қарашығы сияқты органдарды алуға болады. Осылай денсаулығы сыр берген 6-7 адамның өмірін сақтап қала аламыз. Бірақ діни көзқарасына байланысты адамдардың көбі бұған келісе қоймайды. Сондықтан үгіт-насихатқа дәрігерлермен қатар дін өкілдерін кеңінен тарту керек, - деді Қызылорда облысы бойынша трансплант үйлестіруші Лиза Нұрсұлтанова.

Қазақстанда ағзаны тегін ауыстырады. Оңайлықпен донор табылмағасын жерлестеріміз ел асып, ота жасатқысы келеді. Бірақ қалтаның жұқалығынан үмітін үмітке жалғаумен өмірін өткізуге мәжбүр.
Дәрігер кейбір мемлекеттерде донорлық мәйіт мәселесі әлдеқашан шешімін тапқанын айтты.
– Мысалы, Белоруссияда күту парағы бос деуге болады. Өйткені келісім презумпциясы қабылданған. Алғашқы кезде бұған халық дәл біз сияқты қарсы болды. Қазір мәйіттік донордан орган алу үшін марқұмның туыстарының келісімін күтпейді, - деді Лиза Нұрсұлтанова.
Жуырда біз Алматыда 1962 жылғы әйел 6 адамға донор болып, өмір сыйлағанын жазғанбыз.