Қызылордада құлағы тесілген науқасқа алғаш рет ота жасалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша алғаш рет тимпанопластика отасы 7 жастағы қыз балаға жасалды.

Ота облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ұйымдастырылып, шамамен 2,5 сағатқа созылды. Оған оториноларинголог дәрігер Айбол Қонысбаев, анестезиолог Абзал Мамытбекұлы және мейірбике Жанат Жалғасбай қатысты.
Қыз баланы ұзақ жыл бойы құлағынан ірің ағу жағдайы мазалап келген.
– Кішкентай пацинетіміз бір жылда атит диагнозымен ауруханаға төрт рет жатып шықты. Ата-анасы оны басқа өңірге апаруға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, бізге сенім артты. Сондықтан қала емханаларының біріндегі аппаратты алып, алғаш рет ота жасауға бекіндік. Ота барысында Астанада оқып, жұмыс істеген уақыттағы тәжірибеме сүйендім. Сондай-ақ елордадағы профессорлардың кеңесіне жүгіндім. Абырой болғанда бастама сәтті өтті, - деді Айбол Қонысбаев.
Тексеру кезінде науқастың құлақ жарғағы тесілгені анықталып, оған жаңадан жарғақ, яғни перде салуға тура келді. Дәрігер мұндай диагнозбен тіркелген адамдар өңірде жиі кездесетінін айтты.
– Бала тұмауратқанда тамағы іріңдеп, асқыну салдары құлаққа өтеді. Соның кесірінен құлақта ақау пайда болып, пердесі тесіледі. Өкінішке қарай мұндай ауру жас талғамайды. Дегенмен балаларда көбірек кездеседі. Қызылордада ота жасалмағасын Алматы, Астана сияқты мегаполистерге баруға тура келетін. Соған шамасы келмей, ауру асқынғасын аппаратқа таңылатын адамдар аз емес, - деді ол.
Бұған дейін біз Қызылорда қаласында тізе және жамбас буындарын алмастыру бойынша пациенттер МӘМС жүйесі аясында хирургиялық араласудан бастап медициналық оңалтуға дейінгі ем-домды тегін ала алатынын жазған едік.