Қызылордада құны 1,6 млн теңге болатын ота тегін жасалады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында тізе және жамбас буындарын алмастыру бойынша пациенттер хирургиялық араласудан бастап медициналық оңалтуға дейінгі ем-домды тегін ала алады. Мұндай жағдай МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылған адамдар үшін қарастырылған. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы хабарлады.

Қызылордада құны 1,6 млн теңге болатын ота тегін жасалады
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы

Эндопротездеу — ең жиі жасалатын ортопедиялық оталардың бірі. Бұл отада зақымдалған буын жасанды имплантпен алмастырылады. Жоғары технологиялық ота қор есебінен қаржыландырылады.

— Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасында МӘМС аясында жыл сайын 100-ге жуық осындай ота жасалады. Біреуінің құны — шамамен 1,6 млн теңге. Отадан кейін пациенттер стационарлық оңалтудан өтеді. Бұл қызмет түрлері МӘМС жүйесі арқылы тегін, — деді аурухананың травматолог-дәрігері Еркебұлан Молданазаров.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр МӘМС аясында елімізде 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары.

Соңғы жаңалықтар