Қызылордада күріш көлемі қысқарады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қызылорда облысында 193,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.

рис
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, дәндi дақылдар көлемі — 92,1 мың гектар, майлы дақылдар — 5,5 мың гектар, мал азығы — 78,6 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша — 17,5 мың гектар. 

— Жыл басында ғылыми негізделген ауыспалы егіс тәртібіне сәйкес суармалы судың жағдайына байланысты 85,9 мың гектар жерге күріш дақылын егу жоспарланған болатын. Дегенмен, бүгінгі күнгі су көлемінің төмендеуіне және Үкімет бекіткен жол картасына байланысты күріш көлемін 80,9 мың гектарға қысқарту қажет болып отыр, — деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Көктемгі егіске облыс бойынша 22230 тонна күріш тұқымы құйылды. Оның басым бөлігі — «Лидер», «Янтарь», «Маршал» сорттары.

Айта кетейік, биыл күріш егу барысында тың технологиялар, оның ішінде агродрондар қолданылады. Бұл пестицидтер, тыңайтқыштар мен гербицидтер шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

 

Соңғы жаңалықтар