Интернет-алаяқтық түрленіп, жаңа цифрлық шешімдер қолданыла бастады – полицей
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жыл басынан бері 186 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде 66 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған.
– Интернет-алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында. Қолында компьютер, смартфон, планшет бар адам кез келген уақытта арам пиғылдың құрбанына айналуы мүмкін. Қылмыскерлер уақыт талабынан қалмай, ақша жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілін қолдануға көшті. Әсіресе, олар әлеуметтік желінің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр, - деді департаменттің киберпол басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитов.
Алаяқтық жасау жолының түрленуіне байланысты оны ашу бағытында да жаңа цифрлық шешімдер кеңінен қолданыла бастады. Күдікті транзакциялар жасанды интеллект көмегімен анықталады. Ал Ұлттық банк пен Ішкі істер министрлігінің «Антифрод-орталық» жүйесі алаяқтық транзакцияларын дер кезінде бұғаттауға мүмкіндік береді. Қылмысқа тосқауыл қою үшін «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» мекемелері әзірлеген арнайы бағдарламалар да бар.
Интернет алақтың құрығы ұзын. Ол әлемнің немесе елдің бір түкпірінде отырып, екінші түкпіріндегі біреуді торына түсіре алады. Департамент өкілі бір ғана қоңыраумен талайды опық жегізген бір-екі жәйтті мысалға келтірді.
– Биыл маусым айында Астанада Instagram арқылы ел тұрғындарының ақшасын еселеп беремін деп алдаған 2 адамнан құрылған топ құрықталды. Олар уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазір 10 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті жүріп жатыр. Тағы бір мысал, интернет желісі арқылы көлік сататынын айтып, жалған хабарландыру арқылы алаяқтық жасап жүрген топ құрықталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұдан бөлек, сәуір айында елордалық күдіктінің республика азаматтарының жеке дерегін иемденіп, оларды жарнама агенттігіне тіркеп, алаяқтық жолмен алынған ақшаны криптовалюта арқылы сатқаны анықталды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеушілер күдіктінің басқа облыстардағы 18 қылмыстық іске қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті, - деді Тимур Хамитов.
Өңірде тәртіп сақшылары интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтті. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі іс-шаралар атқарып жатыр. Ал жуырда киберқылмыспен күрес орталығы жұмысын бастады. Оның ерекшелігі, полиция интернет-алаяқ құрбаны болғандардың арызын осы орталықта қабылдап, осында тергелейді.
Бұған дейін біз полицейлер өңірде интернет-алаяқтықтың белгілі бір түрлері жиілегенін айтып дабыл қаққанын, соған байланысты қауіпсіздік шараларын қаперге салған болатын.