Қызылордада мемлекет көмегін негізсіз алатындар саны қысқарды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жыл басынан бері мемлекет көмегін негізсіз алғандар саны 33,1%-ға төмендеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың осы кезеңінде масылдық пиғылдағы адамдар саны 27 мыңнан жоғары болған. Биыл бұл көрсеткіш шамамен 19,5 мыңға төмендеді. Соның арқасында 370,3 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.
— Негізсіз көмек алушыларды анықтау мақсатында мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы олардың санын 30%-ға төмендету белгіленді. Дегенмен, жоспар 31,5%-ға орындалды. 2023 жылдың соңымен салыстырғанда 49 305 адамнан 33 759 адамға азайды. Ал оларға 3,1 млрд теңге төленген. Нәтижесінде 1,5 млрд теңге үнемделді, — делінген хабарламада.
Соңғы үш жылда осындай жұмыстар нәтижесінде 5,4 млрд теңге бюджетте қалды.
Еске салайық, мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері облыстағы 43 кәсіпорында 515 адам жұмыстан босатылған.