Қызылордада мұнай өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан серіктестік директоры сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында ірі көлемде мұнай өнімдерін заңдылығын растайтын құжатсыз сатып алып, сақтап және сатумен айналысқан серіктестік директорына қатысты сот үкімі шықты

Облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан ірі көлемде мұнай өнімдерін заңдылығын растайтын құжаттарсыз сатып алып, сақтап және сатумен айналысқан серіктестік директорының әрекеті әшкере болды.
- Қызылорда қаласында тұратын азаматша 2018 жылы мұнай өнімдерін көтерме бағада сату үшін серіктестік директоры және құрылтайшысы ретінде тағайындалды. Негізгі қызметі мұнай өнімдерін көтерме сату болып табылатын компанияны басқарған күдікті 2019-2023 жылдар аралығында 16 түрлі компаниядан жалпы сомасы 574 млн теңгеден астам қаржыға 2 422 тонна дизель отынын сатып алған. Ол растайтын құжатсыз сатып алған 334 тонна дизель отынын 18 мемлекеттік мекеме және 3 заңды тұлғаға 262 млн теңгеден астам ақшаға өткізген. Салдарынан қылмыстық жолмен тапқан 262 млн теңгені заңдастырған. Қылмысы үшін сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен, 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп таныды. Оған шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп атап өтті департаменттен.
Ведомство мәліметінще, екі жыл көлемінде департамент бойынша осыған ұқсас 3 іс тіркелді. Аталған істердің өндірісі аяқталып, сотқа жолданған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында алауыздық тудыратын жазба таратқан тұрғын сотталды.