Қызылордада науқастарға күтім жасауды үйрететін мектеп ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Пациенттер мен олардың туыстарына күтім жасау тәсілдерін оқыту» атты арнайы мектебі ашылды. Бұл туралы колледждің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордада науқастарға күтім жасауды үйрететін мектеп ашылды
Фото: Қызылорда жоғары медицина колледжі

Мұндай мүмкіндік колледж басшылығы мен Латвияның Рига медициналық колледжі арасындағы Еуроодақ деңгейіндегі меморандум аясында осы оқу орнының озық тәжірибесі негізінде пайда болды. 

Айта кетейік, екіжақты келісімге сәйкес былтыр жыл соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов бастаған делегация Латвияда өткен халықаралық конференцияға қатысты. Іссапар барысында қызылордалық делегация білім алу, тәжірибе алмасу мақсатында сол елдің емдеу мекемелеріне барып, пациенттер мен олардың туыстарына күтім жасау әдістерін оқыту жүйесімен танысты.

– Биыл сәуір айында Рига-1 медициналық колледжінің лекторлары, Ригадағы №2 аурухананың мейіргерлік күтім бөлімшесінің аға мейіргерлері Инга Приеде, Сэндия Шпацс-Дагэмен, көпбейінді даму жөніндегі маман Илзе Вациете бізге келіп, мейіргер ісі пәнінің оқытушыларына, емхана мейіргерлеріне дәріс өтіп, сертификат табыстады. Тренерлер аймақтағы барлық емхананың мейіргерлерін, науқастар мен оларға күтім жасайтын жақындарын оқытуды бастады. Әзірге 15 пациент пен туыстары білімін толықтырды, - деді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Жанар Қалмақова.

Соның бірі – қала тұрғыны Гүлнар Серікбекқызы. Жолдасы инсульт алып, төсекке таңылғалы оның күтімімен өзі айналысып жүр. Сондықтан бұл курстың маңызы зор деп есептейді. 

– Бірінші рет басымызға осындай жағдай түсті. Мұндайда науқастың өзіне де, күтушісіне салмақ артылады. Көп нәрсені білмегендіктен мектепте оқу барысында біраз пайдалы мәлімет алып, тәжірибеге қанықтым, - деді ол. 

Тәжірибелі тренерлер пациенттер мен олардың туысқандарына төсекке таңылған науқасқа қалай күтім жасау, жамбасы ойылып қалмас үшін не істеу керегін, эргономика, инсульт, деменция, тағы басқа диагнозы бар науқастарды оңалту тәсілдерін үйретіп жүр. Сабақ барысында жасанды интеллект әзірлеген платформалар да пайдаланылады. 

Айта кетейік, биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне 117,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Соңғы жаңалықтар