Қызылордада ойын-сауық орындарында беймезгіл жүрген 242 жасөспірім ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 28 ақпан мен 2 наурыз аралығында Қызылорда облысында республикалық «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы хабарлағандай, осы үш күнде 320 әкімшілік хаттама рәсімделді. Кәмелетке толмаған 14 адам ішкі істер органдарының есебіне алынып, қадағалаусыз және панасыз қалған 3 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды.
— Бала тәрбиесі бойынша міндетін орындамаған 29 ата-анаға хаттама толтырылды. Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеудің (буллинг, кибербуллинг) 1 дерегі анықталып, ата-анасына хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол берген 15 орынның иелері мен әкімшілік меңгерушілеріне хаттама рәсімделді. 6 жағдай бұзақылық жасау, 10 жағдай түнгі тыныштықты бұзу, 242 жағдай ойын-сауық орындарында және үйінен тыс жерде беймезгіл жүруге байланысты, — делінген хабарламада.
Одан бөлек 19 ата-ана кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөніндегі міндетін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің профилактикалық есебіне алынды.
Бұған дейін Қызылорда облысында жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті күшейту мақсатында 5 күнге созылған «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.