Қызылордада пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргендер ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының прокуратурасы облыс аумағында табиғи ресурстарды өндірудің заңдылығына байланысты бірлесіп жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесін жариялады.
Прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, Қызылорда қаласы, сондай-ақ Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш және Қазалы аудандарында кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 8 дерегі анықталды.
- Құқықбұзушылыққа қатысы бар күдіктілер полиция бөлімдеріне жеткізіліп, пайдаланылған арнайы техника айыппұл тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта жиналған материалдар келтірілген залалды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Қызылорда қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеді.