Қызылордада салмағы 6,5 келі алып бала дүниеге келді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасында Қармақшы ауданының тұрғыны Салтанат Ұзақбай салмағы 6 келі 500 грамм болатын нәрестені дүниеге әкелді. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.
Әйелге акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Ержанова мен акушер-гинеколог Фатима Қосназарова жоспарлы ота жасады.
- Алып баланың туған кезде жағдайы ауыр болған. Нәрестенің денсаулығын тұрақтандыру үшін жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем қабылдаған. Қазір нәресте мен анасының денсаулығы тұрақты. Сәби ана сүтімен қоректеніп жатыр. Алып балаға атасы Қуанышбек деп есім беріпті. Жақын күндері ол үйіне шығарылады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, ауруханада өткен жылдың наурыз айында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Бұған дейін Қызылордада босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым облыстық перинаталдық орталық қана болған. Аталған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтты. Акушерлік бөлімде түрлі сырқаты бар жүкті әйелдерге көмек көрсетіледі.
Ал кеше осы ауруханада Хадия, Хафиз, Хамза есімді үшем дүниеге келгенін хабарлағанбыз.