Қызылордада сотталғандар үйрек-қаз өсіріп жүр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 60 мекемесінде өндірістік аймақ бар.

Қызылордада сотталғандар үйрек-қаз өсіріп жүр
Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, онда 17 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл нысандарда 500-ден астам адам түрлі салада еңбекпен қамтылған.

Сотталғандардың бір тобы құс шаруашылығына ден қойған. Жеке кәсіпкер Орынбасар Тұрғанбекұлы бұған дейін мекеме аумағындағы дәнекерлеу цехында қоршау, пескоблок өнімдерін шығарумен айналысып келген. Енді оған құс шаруашылығы қосылды. Оның ішінде тауық, үйрек пен қаз өсіреді.

Қызылордада сотталғандар үйрек-қаз өсіріп жүр
Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

— Қаз өсіріп, көбейтіп сатуды жоспарлап отырмын. Құстың еті де, жұмыртқасы да халыққа пайдалы. Бұл жұмысқа түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер тартылған, — деді кәсіпкер.

Соның бірі еңбектің арқасында жалақы алып, бала-шағаны асырауға сеп болғанына риза.

— Бала кезімізде өзіміз де тауық, үйрек, қаз бақтық. Бұл біз үшін қиын емес, қайта еңбекке араласқаныма қуаныштымын, — деді ол.

Түзеу мекемесінде сотталғандардың уақытын тиімді өткізіп, еңбекке баулу арқылы олардың әлеуметтік бейімделуіне осындай мүмкіндік жасалған. Кәсіпкер енді құс санын көбейтіп, кәсіп аясын кеңейтісі келеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 60 мекемеде сот үкімі бойынша бостандығынан айырылғандарды 13 кәсіпорын жұмыспен қамтып отыр.

Соңғы жаңалықтар