Қызылордада тарифтік сметаны орындамаған ұйымдарға айыппұл салынды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті талдау нәтижесінде табиғи монополиялар субъектілері бекіткен тарифтік сметаның орындалмау фактілерін анықтады.
Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес табиғи монополия субъектілері бекітілген тарифтік сметаларды орындауға міндетті.
— Алайда «Қызылорда электр тарату желілік компаниясы» АҚ, «Арал тазалығы» МКК реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша бекітілген тарифтік сметалардың орындалуын қамтамасыз етпеген. Аталған фактілер бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік істер қозғалды. Істер қысқартылған тәртіппен қаралып, нәтижесінде бұл ұйымдарға жалпы сомасы 1 297 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Қазіргі таңда әкімшілік айыппұлдар толық көлемде төленіп, мемлекеттік бюджет кірісіне түсті, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2023 жылы еліміздің табиғи монополия субъектілері 30 млрд теңгеден астам ақшаны мақсатсыз жұмсаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 млрд теңге болған.