Қызылордада тазалық сақтамағандарға 60 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM -Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Акция аясында тәртіп сақшылары 7700-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықтады.

құқықбұзушылық
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 4641, ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша 3115 дерек тіркеліп, 60 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

- Іс-шара барысында 23 мобильді топ құрылып, 4378 рейд жүргізілді. Нәтижесінде облыс көлемінде 504 заңсыз қоқыс тастау орны анықталды. Учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізіп, тұрғындарға тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін түсіндіріп келеді. Көпқабатты үйлер ауласындағы, сондай-ақ қала маңындағы кейбір аудандарда бейберекет тасталған қоқыс экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Қоғам белсенділері мен тұрғындар бұл мәселені әлеуметтік желілерде жиі көтеріп, фото және бейнематериалдар жариялап тұрады. Полиция бұл жарияланымдарды бақылап, өз құзыреті аясында тиісті шаралар қабылдайды, - делінген хабарламада. 

Учаскелік инспекторлар көпшілікті әлеуметтік желілерде ғана шағым жазумен шектелмей, тікелей полицияға хабар беруге болатынын ескертті. 

Бүған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысында 27-29 шілде аралығында өткен «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Соңғы жаңалықтар