Қызылордада ұнатқан қызын үш жыл аңдыған жігіт 500 мың теңге төлеп, 25 тәулікке қамалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚЫЗЫЛОРДА – Қызылорда қаласының №2 сотында сталкинг дерегі бойынша ұсталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

сот, судья, сот үкімі
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, сотталушы жәбірленушіге әлеуметтік желі және ұялы телефонына хабарласып, сезімін білдіре бастаған.

- Алайда, жәбірленушінің байланыс орнатуға ниеті жоқтығына, абоненттік нөмірлерін бұғаттап тастағанына қарамастан мазасын ала берген. Қала берді, тұрғылықты мекенжайына, жұмыс орнына көлігімен қайта-қайта барып, шығуын талап етіп, аңдыған. Осылайша 2022 жылдан бері жәбірленушіні жүйелі түрде аңдып, сталкинг жасаған. Сот отырысында жәбірленуші осы оқиғаның салдарынан қала аумағында емін-еркін жүре алмай, басқа үйге көшуге мәжбүр болғанын көрсетіп, сотталушыға жаза қолдануды және моральдық зиян өндіруді сұрады, - делінген хабарламада.

Сот бойжеткеннің тыныштығын бұзған жігітті Қылмыстық Кодекстің 115- бабының 1-тармағымен 25 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге моральдық зиян өндірді.

Еске салайық, Жазира Қуанышбай есімді қызылордалық қыз бұған дейін өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған болатын. Бұған байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум