Қызылордада жайылым тапшы: бұл мәселенің шешімі қандай
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысындағы қосалқы шаруашылықтарда 153,8 мың бас мал барын ескерсек, оларға 1 966,5 мың гектар жайылым алқабы қажет.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні өңірдегі 146 ауылдық округтің 97-сі ғана жайылыммен толық қамтамасыз етілген.
Барлық ауылға 530,1 мың гектар жайылым қажет болса, статистика бізде соның тек 73 пайызы бар екенін көрсетіп отыр. Қалған 19 елді мекен жұртшылығы төрт түлігін жақын маңдағы 40,9 мың гектар жерге жаюға мәжбүр.
Жайылым тапшылығын тартып келе жатқандардың бірі — Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылдық округінің тұрғыны Абай Батыршаев.
Атакәсіпті бастағанына жиырма жылдан асып барады. Алайда, мал жайылымы мен жем-шөбіне қатысты мәселе өзге кәсіп иелері сияқты оны да ойландырмай қоймайды.

— Қазір жоқ дегенде 15-20 бастан асырып асырамасаң, одан кемі еңбегіңді ақтамайды. Өйткені бұл екі мәселе алдыңнан кесе-көлденең шыға береді. Көк бітік шығайын десе, көктемде жауын-шашын аз. Жазда жылқы малына қиындау. Жылқы, сиыр мен түйе оты мол, жайылымы жақсы жерлерде тойып жейді. Бірақ біздің облыстың климатында шөбі шүйгін жер табу оңай емес, — деді кейіпкеріміз.
Президент айтқандай, жерді оның қадірін білетін азаматтарға ғана беру қажет. Осы орайда ауыл шаруашылығы жерін айналымға тарту мақсатында біршама жұмыс атқарылып жатыр.
— 2025 жылы пайдаланылмай жатқан немесе ел заңнамасын бұза отырып пайдаланылған 60 мың гектар жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланды. Бүгінгі күні 66,8 мың гектар 141 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек мемлекеттің босалқы жерлерінен 69 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына алынды. Бұл жер қорындағы ауыл шаруашылығы жерінің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осыған дейін 70,3 мың гектар айналымға алынып, жоспар 101,8%-ға орындалды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Мал шаруашылығын тиімді дамытудағы ең басты алғышарттардың бірі — жайылымдық жердің жеткілікті болуы. Алайда соңғы жылдары бұл салада мәселелер қордаланып, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отыр.
Бұл өз кезегінде өнім сапасының төмендеуіне, малдың әлсіреуіне, тіпті кей жағдайда шығынға әкеліп соғатыны анық.
Экономист, «Ауыл» партиясының мүшесі Ерұлан Өмірсеріков әр аймақтың географиялық жағдайы мен климаты бір-біріне ұқсамайтындықтан бұл мәселені шешу үшін кеңес өкіметі тұсындағы әдістерді қайтадан қолға алу керек деп есептейді.
— Мысалы, Аралда ірі қара өсіріп жатыр. Бірақ ол жақтың табиғаты бұған келмейді. Шөлейтті жер болғандықтан солтүстік ауданның мал шаруашылығын баяғыдай түйеге көбірек бағыттау керек. Бер жағындағы аудандар қой шаруашылығымен айналысуға қолайлы. «Шаруа өзі біледі, нарық өзі реттейді» дегенмен, мал шаруашылығы жүйелі қолдау мен дәл есептеуге зәру, — деді ол.

Экономист айтқандай, кейбір ауылдардың айналасы шүйгін шөпке тіреліп тұрса, кейбірінде малға жайлы жер 5-10 шақырымнан басталады.
Ауқатты шаруалар заңды жеріне ешкімді жолатқысы жоқ, соның кесірінен мыңдаған малын ауыл айналасына әкеп, ұлтарақтай аумақ тақырға айналуға таяды.
— Жайылым мәселесін реттеуді ауыл әкімінің құзырына беру қажет. Ол жеке меншікке өтпеуі керек. Бір адам жалға алған жеріне басқа біреудің малын кіргізбейді. Алайда ол жер пайдаланғаннан кейін біразға дейін демалуы керек. Қызылорданың климатында үнемі көшіп отырмаса болмайды. Бір ғана аумақты жалға алғасын ондай мүмкіндік жоқтың қасы. Бұл құзыретті ауыл әкіміне берсек, шаруаның малын өзі реттеп отырар еді. Бұл — менің ойлап тапқаным емес, ықылым заманнан бар әдіс. Сол кезде әкімнің де жауапкершілігі артады. Жеке шаруа қожалықтары мал жаятын жер таппай жүр. Кезінде 100 мың мал сыйған бір ауылға 5 мың қойды сыйдыра алмайтын халге жеттік, — деді ол.

Ерұлан Өмірсеріковтің айтуынша, аграрлық салаға үлкен қолдау болғанымен мемлекеттік көмек шаруаның еңбегіне татымайды. Өйткені төл басын көбейтіп, семіртіп, нарыққа ет күйінде ұсыну үшін көп жыл тынбай еңбектену керек.
Қазіргі күні мал асырап отырған адамдардың жас шамасы орта есеппен алпыстан асып барады. Әрқайсысының қарауында кем дегенде 100 бас ірі қара бар десек, бұған жету үшін шаруа берісі 30 жыл уақытын сарп етті.
Ендігі жерде отбасын асырауға осы да жетеді, ал әкенің бейнеткештігін көріп өскен бала атакәсіпті әрі қарай жалғауға құлықты емес.
— Онымен бірге жұмыс істеуге мемлекет мүдделі болуы қажет. Осы орайда жұмысты үйлестіру үшін «мемлекеттік менеджер» статусын енгізуді ұсынамын. 30-40 мың қойы бар бір ауыл жыл он екі ай жұмыс істеуі үшін 2,5 млрд теңге керек. Үкімет үшін бұл — болмашы ақша. Есесіне 40 мың қойдың айналасында 120 шақты адам, 30-40 техника жұмыс істейді. 40 мың қойдан кемі 40 мың қозы туады, осылай жылда көбейе береді. Келесі жылы оның бір бөлігін өткізеді. Үлкен көлемде малы бар кәсіп иелері ауыл шаруашылығы кооперативтері негізінде біріккенде ғана бұған қол жеткізе алады, — деді экономист.

Жайылым тапшылығы туралы айтқанда жем-шөп мәселесін айналып өту мүмкін емес. Атакәсіп иесі Абай Батыршаев еттің қымбаттауына әсер ететін факторлардың бірі осы екенін жеткізді. Шаруаларды алаңдатқан жәйтке басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев жауап берді.
— Биыл облыста 2200 тонна шөп дайындау жоспарланып, жұмыс аяқталды. 980 мың тонна мал азығы әзірленіп, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар 2200 тонна сүрлем дайындалды. Айта кету керек, оны Қазалы ауданында ғана дайындайды. Жоңышқаның бағасы өткен жылғымен бірдей күйінде қалып отыр. Ет бағасының өсуіне экспорт көлемінің артуы әсер етті. Әрине, ет шет елдерге тікелей жөнелтіліп жатқан жоқ. Шымкент арқылы негізінен Өзбекстанға ғана өткізіліп жатыр, — деді ол.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде жайылым тапшылығы екі есе азайғанын мәлімдеген еді.
