Қызылорда жылу электр орталығы тұтынушылардың қаражатын қайтарды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтаушы мекемелердің қызмет құнын қайта есептеді. Бұл туралы департаменттен хабарлады.

Тексеру барысында жеткіліксіз жылу беру фактілері анықталған.
— Осыған байланысты Қызылорда жылу электр орталығы, осы кәсіпорынның «Қазалы-Теміржол жылу» филиалы, «Теміржол су-Қызылорда» серіктестігі тұтынушылардың қаражатын қайтарды. Бұл ретте тұрғындардың шоты төленді. Сондықтан аталған ұйымдар төлем сомасын азайтуға міндетті, — делінген хабарламада.
Қосымша құн салығымен қосқанда 24 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылады.
— Осы ретте айта кетуге тиіспіз, есептеу құралы жоқ тұтынушылардың төлемі қайта есептелді. Қаражатты қайтару 2025 жылғы қазан айындағы түбіртек төлемін азайту арқылы жүзеге асырылады, — деп мәлім етті департаменттен.

Еске салсақ, биыл Қызылорда облысындағы жылумен қамту нысандарын жаңғырту үшін 13,5 млрд теңге бөлінді.