Қызылордада жүргізуші куәлігі жоқ адамдар балабақша көлігін жүргізген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 11–13 тамыз аралығында Қызылорда қаласының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Балабақша» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.

жүргізуші куәлігі жоқ
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, іс-шара барысында 305 құқық бұзу дерегі тіркелді. 

– Оның ішінде міндетті сақтандыру туралы заңнама талабын бұзудың 26, жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзудың 62 дерегі анықталды. 30 көлік міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген болса, 132 жағдайда артық жолаушы немесе балаларды ұстау құрылғысынсыз алып жүрген. 14 адам көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, ал 1 адам көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан темір тұлпар тізгіндеген. Заң талабын бұзғандарға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, 28 көлік айыппұл тұрағына жіберілді, 23 мемлекеттік белгі тәркіленді, - делінген хабарламада. 

11 тамыз күні Шиелі ауданында полиция қызметкерлері бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен автокөлікті тоқтатып тексергенде ішінде балалар бар болып шықты. Автокөлік балабақшаға тиесілі екен, ал бүлдіршіндер сонымен балабақшаға бара жатқан.

Айта кетейік, облыста қазіргі күні 464 жеке балабақша бар, соңғы кезде ондағы қызмет сапасына қатысты шағым көбейді.

Соңғы жаңалықтар