Қызылордадағы адам көп жиналатын 27 нысан талапқа мүлдем сай келмейді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы бойынша террористік тұрғыдан осал 82 нысан жергілікті полицияның бақылауында. Полиция терроризмге қарсы қорғау шараларын қамтамасыз етеді.

Қызылордадағы адам көп жиналатын 27 нысан талапқа мүлдем сай келмейді
Фото: Қызылорда әуежайы

— Бұл — адамдар көп жиналатын, аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер. Көпшілігі — білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты адам көп жиналатын орындар. Террористік тұрғыдан осал объектілерді тексеру кезінде полиция қызметкерлері оның техникалық тұрғыда нығайтылуын, сондай-ақ персоналдың террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге ден қою жөніндегі білімі мен дағдыларын тексереді, — делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында. 

Жыл басынан бергі тексеру нәтижесінде 27 нысанның талапқа мүлдем сәйкес келмейтіні анықталды. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 149-бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді. Департамент өкілдері 36 объектіге кемшіліктерді жою туралы нұсқама берді. Қалған 46 нысан талапқа сай келетін болып шықты. 

Қызылорда облыстық полиция департаменті нысан басшыларына терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы тексеру нысандар талапқа толық сәйкестендірілгенге дейін жүргізілетінін ескертеді. 

Айта кетейік, 14 сәуірде «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы Астана әуежайында ҰҚК терроризмге қарсы орталығы «Найза — терроризмге қарсы-2025» атты терроризмге қарсы оқу іс-шарасын өткізді.

Соңғы жаңалықтар