Қызылордадағы АИТВ-инфекциясының оқиғасы: Донорлардың зерттеу нәтижесі теріс болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында перзентханада қан құйылған әйелден кезекті тексеру кезінде анықталған АИТВ-инфекциясына қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

Қан доноры
Фото: Pixabay.com

Басқарма барлық қан құйылған науқас міндетті түрде АИТВ-инфекциясына тексерілетінін атап өтті. Перзентханада қан құйылған босанған әйелді кезекті тексеру кезінде АИТВ-инфекциясына оң нәтиже анықталды. 

- Эпидемиологиялық тергеу барысында барлық донорларда қан құю кезінде АИТВ-ға зерттеу нәтижесі теріс болғандығы белгілі болды. Босанған әйел ЖИТС орталығында есепке алынды. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Бүгінгі күні баланы АИТВ-ға тексеру теріс нәтиже берді. Инфекцияның болуы немесе болмауы 1,5 жасқа толғанда анықталады. Қазір зерделеу жұмыстары, донорларды қайта тексеру жүргізілуде. Зерделеу жұмыстарының қорытындысымен Басқарма тарапынан ақпарат қосымша жолданады, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұған байланысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 5-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысы тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайтынын хабарлаймыз, - деп мәлім етті департаменттен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды.

Соңғы жаңалықтар