Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысындағы әлеуметтік дүкендердің жұмысына және сөредегі өнім сапасына қатысты сын жиіледі. Kazinform тілшісі осы мәселе бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бекітілген «Байқоңыр» ӘКК акционерлік қоғамына ресми сауалмен жүгінді.

Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді
Фото:  «Байқоңыр» ӘКК АҚ

Корпорация басшылығы мәлімдегендей, әлеуметтік дүкендерде баға өзге сауда орындарымен салыстырғанда төмен. Қолжетімді азық-түлік тізімі, оның жеткізілуі жөнінде акционерлік қоғамның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұрақты түрде жарияланып отыр.

— Қызылорда қаласының аумағында барлығы 37 әлеуметтік дүкен бар. Соның 6-ы қазіргі уақытта уақытша жабық. Өйткені дүкенді өтеусіз пайдаланушы кәсіпкерлердің акционерлік қоғамға қарызы шоғырланып, оны өтей алмаған, яғни кәсібін жүргізе алмаған. Жұмысы уақытша тоқтаған әлеуметтік дүкендер өтініш білдірген кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз (жалдау құнынсыз) пайдалануға беріледі, — делінген хабарламада.

Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді
Фото:  «Байқоңыр» ӘКК АҚ

Корпорация басшылығы әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары күнделікті толық көлемде жеткізілетінін атап өтті. Ал кейде сөрелердің тез босап қалу себебін дүкен орналасқан аумақта халықтың көп шоғырлануымен, дүкенді өтеусіз пайдаланушылардың сұранысымен байланыстырды.

Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді
Фото:  «Байқоңыр» ӘКК АҚ

— Дегенмен, тауар таусылған уақытта кәсіпкердің тапсырысымен қажетті азық-түлік қоры күнделікті толықтырылып тұр. Өнім қоймадан таза күйінде тасымалданады. Сатушылар пакеттерге қайтадан іріктеп салып, жарамсыз, шірігені кездескен жағдайда қоймаға қайтарады. Өнім тұтынушының таңдауына қарай беріледі. Әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштардың жұмысы акционерлік қоғам қызметкерлерінің күнделікті бақылауында. Тиісті мемлекеттік органдар да тексеріп тұрады. Азық-түлік сақтау кезінде өз салмағын жоғалтады (15%-ға дейін). Ол үшін заңды нормативтер белгіленген. Қоймадағы тауарлар бұл бағыт бойынша талданып, ай сайын сараптамадан өткізіледі, — делінген корпорацияның ресми жауабында.

Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді
Фото:  «Байқоңыр» ӘКК АҚ

Бүгінде тұрақтандыру қорының қоймасында 2376,6 тонна, жеткізушілерде 9512,1 тонна қор бар. Олар «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на қарасты 37 әлеуметтік дүкенде (оның 2-і ет сатуға арналған) және облыс орталығындағы ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштарында, аудандарда белгіленген операторлар арқылы және әр аптаның сенбі күні ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде белгіленген бағада халыққа ұсынылып келеді.

Қызылордадағы әлеуметтік дүкендер неге дұрыс жұмыс істемейді
Фото:  «Байқоңыр» ӘКК АҚ

Ал жуырда біз азық-түлік бағасы қымбаттап жатқан тұста Атырауда тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын бірқатар дүкен жабылып қалғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар