Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайы жүк таспасы неге бұзылып қалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайы жүк таспасы бұзылып қалған. Соның салдарынан жолаушыларға заттары жүк көлігінен терезе арқылы тікелей беріледі.

Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайы жүк таспасы неге бұзылып қалды
Фото: ortcom.kz

Аталған оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. Бейнежазбада жүк таспасын жүргізуді мамандар қолмен атқарып жатқаны көрініс тапқан. Бұл жөнінде халықаралық «Қорқыт ата» әуежайының директоры Баян Әжмолдаев түсіндіріп берді.

«2024 жылы 18 шілдеде жүк таспасы ақаудың болуына байланысты демонтаждалған. Жүк таспасы қосалқы бөлшектер сатып алынып, жөндеуден өткеннен кейін орнатылады. Айта кетсек, ол қолдан жасалған, оны жеті жыл бұрын кәсіпкер әуежайға сыйлық ретінде ұсынған. Жүк таспасын орнатқаннан кейін ол бірнеше рет жөндеуден өткен. Дегенмен қайта істен шығып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, жүк таспасы қолдан жасалған. Сондықтан қызмет етуі ұзақ мерзімге есептелмеген.

«Осыған байланысты оған қосалқы бөлшектерді іздеу және жөндеу жұмыстары қиынға соғуда. Жақында жолаушылар үшін барлық халықаралық стандарттарға сай жабдықталған жаңа терминал ашылады», - деп толықтырды ол.

Еске салсақ, «Қызылорда-Жезқазған» жолының Қызылорда облысындағы 140 шақырымға жуық бөлігі пайдалануға беріледі.