Қызылордадағы кірпіш цехында сотталған 50 адам еңбек етеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгінде Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде сот үкімі бойынша бостандығынан айырылғандарды 13 кәсіпорын жұмыспен қамтып отыр.

сотталғандар жұмыс
Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, соның бірі – 50 жұмысшысы бар күйдірілген кірпіш өндірісі. Кәсіпорын департаментке қарасты №60 мекеменің өндірістік аймағында орналасқан.

– Жазасын өтеушілер жұмысқа өз еркімен орналасады. Мемлекеттен жәрдемақы алатын I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, сонымен қатар зейнет жасына жеткендер жұмысқа алынбайды. Қалғанын мүмкіндігінше қабылдауға тырысамыз – деді департаменттің бөлім бастығы, әділет майоры Айдана Әбдірейімова. 

Жұмысшылардың бірі сұхбат барысында сотталғанға дейін тұрақты жұмысы болмағанын айтты.

– Мен үшін бұл өте маңызды. Өйткені жұмыс барысында жағымсыз ойлар мен эмоциялардан алшақтап, ең бастысы, өзіме де, қоғамға да пайдалы уақыт өткіземін, - деді ол.

Кәсіпорын 2016 жылы ашылған, күніне орта есеппен 3 мыңдай кірпіш шығарады. 

Айта кетейік, Қызылорда облысында қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 3 мекеме бар. Оларда 1400-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр.

Соңғы жаңалықтар