Қызылордадағы орман алқабын 83% сексеуіл алып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 3,8 млн гектар орманды алқап бар, соның 83%-ын сексеуіл ағашы алып жатыр.

Қызылордадағы орман алқабының 83% сексеуіл алып жатыр
Фото: Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2025 жылы көктемде 50 мың гектар жерге сексеуіл егілді.

— Қазіргі кезде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 50 мың гектар жерге қарабарақ, сексеуіл егу үшін 217,5 тонна тұқым жиналып, себіліп жатыр. 13250 гектар аумақта 4 млн сексеуіл көшеті қазылды. Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фитоорман мелиорация жұмысын жүргізуге қажет сексеуіл көшеттерін өсіретін 150 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылды. 150 мың гектар жердің топырағын зерттеуге және жобалауға облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінді, — делінген басқарманың хабарламасында.

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде жүргізілген рейдтер нәтижесінде бір жылда орман тәртібін бұзудың 52 дерегі анықталды. Орман мекемелеріне 146,7 млн теңге бюджет қаражаты есебінен техника мен құрал- саймандар сатып алынды.

— Алдағы уақытта 158 гектар уақытша орман тұқымбағын ұйымдастыру, 302 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр, — делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Қызылорда облысының Арал ауданында Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу туралы тапсырмасы жалғасын тауып келеді.

Соңғы жаңалықтар