Қызылордалық ата-аналар екпеге неге қарсы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында тұмау мен жедел респираторлы вирустың қарқыны бәсеңдеді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
Өңір халқы жұқпалы аурулардың шырқау шегінен өткен сияқты.
— Күні кешеге дейін науқастар палатаға сыймай, дәлізде жатқан жағдайлар болды. 200 төсек орынды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 380 төсек орынға кеңейтіліп, мамандар шектен тыс жүктемемен жұмыс істеді. Науқастарды қабылдауға арналған қосымша ғимараттар ашылды. Бүгінгі күні сол ауруханада 180 адам ем қабылдап жатыр, — деді басқарма басшысы Олжас Ысқақов.
Дерттің алдын алудағы негізгі қадам — вакцинация. Дегенмен халықтың белгілі бір бөлігінің бірқатар инфекцияға қарсы екпе шараларымен тиісті деңгейде қамтылмауынан жұқпалы аурулар өрши түскен. Ұлттық күнтізбеге сәйкес, бала 1 және 6 жасында қызылшаға қарсы 2 тур вакцина алуы қажет. Алайда ата-аналардың екпеден бас тартуы себепті 2023 жылдан бері қызылша ауруы толассыз тіркеліп отыр. Ауру негізінен 5 жасқа толмаған балалар арасында, 77,2%-ында дәл осы екпе алмағандар арасында тіркелетіні анықталды.
— Ата-аналардың балаларына екпе салдырмау себебін діни наным-сенімге тіреп қоюдан аулақпыз. Бұған әлеуметтік желі арқылы жан-жақтан алатын ақпараттың әсері зор. Ең қиыны, екпе алған балаларға алмаған балалардың кесірі тиіп жатыр. Осы ретте ата-аналарды екпе шараларына сенім білдіріп, балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, — деді Олжас Ысқақов.
Айта кетсек, бұған дейін біз Қазақстанда вакцина алудан бас тартқандар саны 3,8 пайызға өскенін жазғанбыз.