Қызылордалық құтқарушылар кәсіпкерлерді пиротехниканы рұқсатпен сатуға шақырды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM —  Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттері 5 желтоқсанда «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасын бастады. 

Қызылордалық құтқарушылар кәсіпкерлерді пиротехниканы рұқсатпен сатуға шақырды
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Іс-шара жаңа жыл мерекесі қарсаңында адам өмірі мен денсаулығын, мүлік пен қоршаған ортаны өрттен және түрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған.

— Адамдар көп шоғырланған орындар мен сауда орталықтарында рейдтер ұйымдастырып, кәсіпкерлер мен тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің маңызын түсіндіріп жүрміз. Бүгінге дейін рұқсатсыз пиротехникалық бұйымдар сатқандарға қатысты 3 әкімшілік хаттама рәсімделді. 150 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арман Дастенов. 

Жыл басынан бері облыс аумағында 432 өрт оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 6 адам қаза болып, 10 адам түрлі дене жарақатын алды. Тұрғындарға 259 млн теңгеден астам материалдық шығын келген.

— Оқыс жағдайлардың 10%-ы немесе 45-і кәсіпкерлік нысандарында тіркелген. Талдау нәтижесіне сүйенсек, тілсіз жаудың басым бөлігі меншік иелерінінің өрт қауіпсіздігі талаптарына салғырт қарауынан, яғни электр сымдары мен құралдарына уақытылы тексеріс жүргізбеуінен, белгіленбеген орындарда темекі шегу немесе ашық от көзін пайдалануынан болып отыр. Облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерден жаңа жыл мерекесін атап өту және пиротехникалық бұйымдарды қолдану барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұраймыз, — деді Арман Дастенов.

Ал пиротехникалық бұйымдар ішкі істер органдарының рұқсатымен ғана сатылуы тиіс.

Айта кетейік, Жамбыл облысында да пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында профилактикалық рейд жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар