Қызылордалық пациенттердің көбі медициналық көмек сапасына шағымданған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық пациенттер арасында медициналық қызметтің сапасына қатысты шағым азаймай тұр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалына қаңтар, ақпан айларында 526 өтініш түскен. Соның 24,1%-ы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі жөнінде. Әсіресе, «медициналық көмек сапасыз көрсетілді немесе маман қызмет көрсеткен жоқ, тегін дәрі-дәрмек берілмеді, консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күттік» дейтіндердің қарасы көп.
— Біз күн сайын бірнеше ресми байланыс арнасы арқылы өтініш қабылдаймыз. Соңғы екі айдағы арыз-шағымдардың 54,3%-ы 1414 байланыс орталығы, 45,7%-ы «Qoldau» 24/7 мобильді қосымшасы арқылы қабылданған. Өтініштердің басым бөлігі тағайындалған еммен, қойылған диагнозбен келіспеу, дәрігердің медициналық қызметтерге жолдама беруден бас тартуы, бейінді дәрігердің консультациясын немесе диагностикалық тексеруді күту, маман тапшылығы сарынында, — дейді филиал директоры Жақсылық Абдусаметов.
Бұған дейін біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда қызмет көрсету сапасына шағымдар бойынша түсінік бергенін жазған болатынбыз.