Қызылордалық полицей екі жасөспірімді өрттен аман алып қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Сағат шамамен 10:30–да Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Қызылордалық полицей екі баланы өрттен аман алып қалды
Фото: Polisia.kz

Жалын төртінші қабаттағы пәтердің балконынан тараған. Жағдай күрделі еді. Сол маңнан өтіп бара жатқан полиция қызметкері Нұржан Нағашыбай дереу жағдайды бағалап, еш ойланбастан өрт ошағына қарай бет алды.

Төтенше қызметтердің келуін күтпей-ақ ол түтінге толы пәтерге кіріп, өртті сөндіруге кірісті.

Қызылордалық полицей екі баланы өрттен аман алып қалды
Фото: Polisia.kz

— Пәтер ішінде ұйықтап жатқан екі бала болған. Полицей оларды оятып, қауіпті аймақтан алып шығып, тілсіз жаудан аман алып қалды. Оның батыл әрі жанқиярлық әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, балалар құтқарылды, — делінген хабарламада.

Кейін оқиға орнына қосымша күштер мен төтенше қызметтер келіп, жағдай толық бақылауға алынды.

Осыған дейін Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза тапқанын жазғанбыз.