Қызылордалық тұтынушылар 21 млн теңге қаржысын қайтарып алды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне биыл 10 айда тұтынушы құқығы бұзылды деген негізбен 770 өтініш түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,1 есе артық.
Департамент басшысы Ерқасым Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, арыз-шағымның 64,5%-ы бөлшек сауда, 7%-ы электронды сауда, 4,5%-ы қоғамдық тамақтану, ал 1,9%-ы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметі салаларына қатысты.
— Заңға сәйкес қарау қорытындысымен 392 өтініш қанағаттандырылды. 48 өтініш бойынша тұтынушыға құқықтарын түсіндірдік. 258 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданса, өтініш иелері 67-сін қайтарып алды. Нәтижесінде тұтынушыларға барлығы 21 млн теңге көлеміндегі қаражатының қайтарылуына ықпал еттік. Өткен 10 ай ішінде 54 нарық субъектісіне тексеру жүргіздік, анықталған кемшіліктер бойынша 0,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Ерқасым Сүлейменов.
Адамдардың көбі қазір онлайн сауда жасауға көшкенмен есепті кезеңде өңірде небәрі 54 адам электронды сауда бойынша шағым түсірген. Олар сатушылардың өздерін алдағанына, сапасыз тауар ұсынғанына, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартқанына реніш білдірген.
— Жұрттың көбі Kaspi, Ozon, Wildberries сияқты онлайн дүкендер арқылы сауда жасайды. Алайда, облыстық департамент болғандықтан шағым түскен жағдайда біз Қызылорда облысы аумағындағы сатушыларды ғана тексере аламыз. Сату нүктесі басқа жақта орналасқан болса, түскен арыз-шағымды 3 жұмыс күні ішінде сол облыстардағы департаменттерге жолдаймыз. Ozon, Wildberries дүкендерінің бас кеңсесі Ресейде, дегенмен, олардың өкілдерімен ортақ чатымыз бар, қандай да бір өтініш түссе, сонда жібереміз. Міндетті түрде жауап береді, ақшасын қайтарып берген жағдайлар болды, — деді департамент басшысы.
Ерқасым Сүлейменов өз тәжірибесіндегі қымбат кейс туралы айтып берді.
— Қала тұрғыны көлік салонынан 11 млн теңгеге көлік сатып алған. Ол бір жарым жыл ішінде бірнеше рет бұзылған. Қанша рет жөндесе де қайта-қайта бұзылып, мазасы қашқан. Сосын сотқа жүгінуіне тура келіпті. Өзім үшінші тұлға, яғни мемлекеттік орган өкілі есебінде сот отырысына қатыстым. Сатып алған тауар сапасыз болса, сатушы оны ауыстырып немесе ақшасын қайтарып беруі керек. Сот шешімімен салон сатып алушыға көліктің толық сомасын қайтарып берді. Техникалық жағынан күрделі тауар деген ұғым бар. Автокөлік соған жатады. Ауыстырып немесе ақшасын қайтарып беру үшін оның елеулі кемшілігі болуы және соны дәлелдеп шығу керек, — деді ол.
10 айда Сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарының сақталуы бағытында облыстағы 176 кәсіпкерлік субъектісі тексерілді. Соның 120-сында заң бұзылған. Әкімшілік құқыбұзушылық туралы Кодекс талаптарына сәйкес 69 кәсіпкерге 1,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еске салсақ, елімізде азаматтардың тұтынушы құқығын қорғауын талап еткен өтініштердің саны үш есе артқан. Көбіне қазақстандықтар бөлшек және электронды сауда, сондай-ақ тұрмыстық қызметтер бойынша шағым түсіреді.