Қызылорданың қай аудандарында жаңа мектептер мен Оқушылар сарайы салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр Қызылорда облысында 13 білім беру ұйымы ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 9 мектепке жапсарлас ғимарат бой көтерді. Нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев есептік кездесуінде айтып берді.
Әкімнің айтуынша, облыста білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Биыл 346 млрд 800 млн теңге қарастырылған.
— Соңғы үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді, — деді облыс әкімі.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ордасы салынды.
«Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауылында салынған 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Осы қор есебінен 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды.
Сонымен бірге, 11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды. Академияда 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс істейді. Онда үлкен және кіші бассейндер, спорт-жаттығу, пәндік, робототехника, компьютерлік модельдеу және шығармашылық кабинеттер бар. Бұдан бөлек, ауласында футбол, волейбол, баскетбол, балалар ойын алаңдары жұмыс істейді. Академия күніне 3 мың балаға дейін қызмет көрсетеді.
— Облыста 3 млрд теңгеден астам қаржыға Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынып, пайдалануға берілді. «ҚазМұнайГаз» демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы салынған. Оған қоса, 4 млрд 800 млн теңгеге Музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы тұрғызылды, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Президент саябағында 10 млрд теңгеге 300 орындық жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Онда 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынып жатыр.
Бұған дейін өңір әкімі Қызылорда облысында жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95% асқанын айтқан еді.
Ал Қызылорда қаласында көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтуға 26 млрд теңге бөлінді.