Қызылорданың Қазалы ауданында құны 7 млн теңге күрделі ота тегін жасала бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазалыда ел бойынша алғаш рет жүрек ырғағы бұзылған науқастарға күрделі ота жасала бастады. Медициналық сақтандыру қорының өкілдері мұның тым қымбат тұратынын айтып отыр. Дегенмен, «сақтандырылған» деген мәртебесі бар адамдар үшін тегін.

Қызылорданың Қазалы ауданында құны 7 млн теңге болатын  күрделі ота тегін жасала бастады
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда филиалы

Аудандық көпбейінді орталық ауруханада жоғары мамандандырылған, инвазивтілігі төмен аритмологиялық отаны жүргізуге Алматыдағы № 7 қалалық клиникалық аурухананың интервенциялық аритмолог дәрігері Канат Алдабергенұлы, облыстың штаттан тыс аритмолог дәрігері Нұрболат Лепесов шақырылды. 

Мамандар ангиограф аппаратының көмегімен алғашқы 7 науқасқа ота жасады. Соның бірі — Әйтеке би кентінің 67 жастағы тұрғыны Кеңес Жалмағамбетов. Ол бес жылдан бері дәрігерлер бақылауында.

— Бұған дейін жүрегім ауырып, қан қысымым көтеріліп, тынысым тарылатын. Жүрегім дүрсілдеп соғатын. Электрокардиостимулятор орнатқалы бері өзімді жақсы сезінемін. Жүрегімнің соғу жиілігі де қалпына келді, — деді ол.

Ал Өркендеу ауылдық округінің 65 жастағы тұрғыны Үрзада Әбдімәлікқызы дерті мазалаған соң облыс орталығына барып ем алмақ болған екен. Дегенмен, өз ауданында қажетті көмек көрсетілетінін естіп, жергілікті медицина көмегіне жүгінді. Ол да осыдан кейін тынысы кеңіп сала бергенін жеткізді.

Аритмолог дәрігер Қанат Алдабергенұлы барлық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылатынын атап өтті. 

— Мысалы, радиожиілікті абляцияның құны — шамамен 7 млн теңге. Бірақ сақтандырылған пациенттер үшін тегін. Пациент ем-домнан кейін бірнеше сағат өткесін жүре алады, — деді ол.

Жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасына шамамен 7,6 млрд теңге бөлінді.

Бұған дейін Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтардың жеке клиникаларда ем алу мүмкіндігі кеңейгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар