Қызылша, ВИЧ, жаппай уланған балалар: Ажар Ғиният елдің бас дәрігері болып тұрғанда қандай оқиғалар болды

ажар ғиният
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалды. Kazinform агенттігі бұрынғы министр Ажар Ғинияттың қандай жаңалықтармен ел есінде қалғанына шолу жасады.

Ажар Ғиният 1969 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «дәрігер-педиатр» мамандығы бойынша, 2007 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері» мамандығы бойынша, 2015 жылы Алматы менеджмент университетін «МВА іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1993 жылы № 2 Атырау қалалық емханасында учаскелік педиатр болып бастаған.

Әр жылдары инфекционист дәрігер болды, Ақтаудағы № 1 медициналық санитарлық бөлімнің бөлімшесін басқарды, Маңғыстау жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары болды.

2001 жылдан бастап Маңғыстау облысының денсаулық сақтау департаментін, Денсаулық сақтау министрлігінің департаментін басқарды, ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы басшысы қызметін атқарды.

Коронавирус індеті басталғанда Ажар Ғиният ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымында болды және «Спутник V» вакцинасының екі дозасын салдырды.

Министр боп тағайындалғанда да, коронавирус тақырыбы күн тәртібінен түскен жоқ.

Ал 2022 жылы 11 қаңтарда А. Ғиният ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалды.

Бұл аралықта Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енді.

Дәрігерлерді қолдау

Мысалы ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге ең төменгі жалақының 100 есе көлемінде (шамамен 9 млн теңгеге жуық) бір реттік көтермеақы беріледі. Бұл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көрсетілген.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында «Үздік маман» республикалық конкурсының жеңімпаздарына біржолғы 500 АЕК төленеді.

Денсаулық сақтауды дамытудағы жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріліп, 1000 АЕК төлем төленеді.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне балабақшаға орын бөлу кезінде басымдықты құқық беру және басқа да әлеуметтік кепілдіктер ұсынылады.

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектігі белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына мемлекеттік білім беру грантын бере отырып, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау ескерілген.

Алматы ауруханасынан ВИЧ табылуы

Өткен жылдың маусым айында Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында жатқан 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусы (ВИЧ) анықталды. Осыған байланысты ауруханада жоспардан тыс тексеру жүрді.

Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері үш науқастың ВИЧ жұқтыру фактісі, ең алдымен, адами фактормен, атап айтқанда, орта медициналық персоналдың жекелеген қызметкерлерінің инвазивті манипуляция жүргізу кезінде операциялық рәсім стандарттарын бұзуымен және олардың қызметіне бақылаудың болмауымен байланысты деген қорытындыға келді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жүйелі бұзушылықтары анықталған жоқ. Үш науқас ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды.

Емдеудің жеке схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді. 

Оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Қарағандыда 14 баланың улануы

Өткен жылы 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану дерегі тіркелді.

Салдарынан бір бала қайтыс болып, тағы 6 бала жансақтау бөліміне түскен. Бұл мекемеде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балалар тәрбиеленеді.

Бұл жағдайдың себебін Ажар Ғиният токсикалық заттан қатты улану деп түсіндірді. Қылмыстық іс шеңберінде кешенді сот-медициналық сараптаманың нәтижесі әлі күнге дейін жарияланған жоқ.

Қызылша ауруы өршіді

Өткен 2023 жыл тұтас Қазақстан бойынша қызылшаның өршуімен есте қалды. қызылшамен ауырғандар саны соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетті.

Оның 80% жуығы — 14 жасқа дейінгі балалар. Салдарынан Астана мен Шығыс Қазақстан облысында бір жасқа толмаған екі бала қайтыс болды.

«Жыл басында қызылша жұқтыру Түркия мен Ресейден келгендерден тіркелді. Кейін оның тарауы арта бастады. Өңірлер бойынша Астанада жоғары», — деп түсіндірді А. Ғиният Үкімет отырысында. 

Ауырғандардың көпшілігі — тиісті екпе алмағандар. Қызылша ауруының үдеуіне байланысты Үкімет қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алды. Бұл вакцина Үндістан елінен әкелінді және ол дүниежүзілік денсаулық ұйымы бекіткен препарат саналады.

Донорға мұқтаж науқастар көбейді

Жыл басында «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев Қазақстанда орган трансплантациясын қажет ететіндер жиілегенін айтты. Елімізде 4 мыңға жуық қазақстандық ағза алмастыру кезегінде тұр. Оның 104-і бала.

Оған жауап ретінде Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрлігі осы бағытта жұмыс істейтінін айтты.

Мәжілісте БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында А. Ғиният қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын донорлыққа беруге келісетінін айтты.

Кезекте тұрғандардың басым бөлігіне бүйрек ауыстыру қажет. Одан бөлек, 184 адам бауыр, 145 адам жүрек, 14 адам өкпе, 5 адам өкпе-жүрек кешенін ауыстыру кезегінде тұр.

Министрлік ағза донорлығының мұндай түрі неге бәсеңдеп кеткенін бірнеше себеппен байланыстырады.

«2020 жылы кодекске марқұм көзі тірісінде ағзасы мен тіндерін трансплантацияға пайдалануға келісетінін немесе қарсы екенін білдірмеген болса, жұбайы, ол болмағанда жақын туыстарының бірі келісімін бере алатыны туралы өзгеріс ұсынылып, БАҚ-та түрлі пікір туындаған. Сондай-ақ, трансплантолог дәрігерлердің қатысуымен өткен негізсіз сот істері ағза донорлығын жылына 5-7 отаға дейін күрт төмендетіп жіберді», — деп түсіндірді министрлік. 

Соңғы жаңалықтар