Клиенттердің ақшасын ұрлаған ақтөбелік банкир ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде банк супервайзері бір жыл бойы клиенттердің есепшотындағы ақшаны өзіне аударып алып отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысындағы екінші деңгейлі банк басшысы полицияға шағым түсірді. Банк қызметкері 1 жыл бойы клиенттердің есепшотындағы қаржыны өз есепшотына аударып келген.
«Банк супервайзері қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып клиенттердің және банк шотынан қаржы ұрлап келген. Осы дерек бойынша 35 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол қаржының бәрін жеке шотына аударып отырған. Келтірілген залал - 2 миллион 685 мың теңге»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.