Климаттың өзгеруі Қазақстанда ерекше байқалды – Карбонды жобалар қарқыны қалай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда климаттың өзгеруіне қатты ұшырап отыр. Кейінгі жарты ғасырдағы бақылауларға сәйкес, Қазақстанда жерге жақын ауа температурасы 10 жыл сайын орта есеппен 0,32 градусқа көтеріліп келеді. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 0,18 градустан аспаған. Жаһандық жылыну салдарын азайту үшін ғалымдар карбонды жобаларды көбейтіп, климаттың өзгеруінен туындайтын нақты шығындарды есептеуді ұсынып отыр.

Климаттың өзгеруі Қазақстанда ерекше байқалды – Карбонды жобалар қарқыны қалай
Фото: DALL-E

Қазақстандағы температура әлемдік жылынудан асып түскен

Отандық ғалымдардың айтуынша, Қазақстандағы ең аптап 10 жылдың тоғызы ХХІ ғасырда тіркелген. Еліміздің мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, әрі аумағының 3/2 бөлігі құрғақ аймақтардан тұрады.

− Бұл атмосфера ғана емес, мұхиттар, су айдындары, жер беті де жылынады дегенді білдіреді. Мысалы, мұхит пен теңіз жағалауларында су өте жылдам буланып, бұлттар түзіледі де, құрлыққа жетіп үлгермей, сол жерде жаңбыр болып жауады. Қазақстан сияқты мұхиттан алыс елдерге бұл ылғалдық жетпей қалады, жетсе де өте қысқа мерзімде келеді. Қатты жауын, аптап ыстық сияқты экстремалды құбылыстар жиілейді. Сондықтан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күресті үйлестіретін Париж келісімінде температураның 2 градустан аспауын, мүмкін болса 1,5 градустан асырмауды мақсат етті. Бірақ бұл «соғыста» біз әлдеқашан ұтылып қойғанбыз: себебі 2040 жылға қарай температура +1,5°-қа жетеді, ал 2050 жылы бұл көрсеткіш арта түседі, - деді Экология саласындағы сарапшы Гүлмира Исмағұлова елордада AFOLU саласындағы карбонды жобалар» тренингінде.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Сонымен бірге, Париж келісімінде климаттың өзгеруіне бейімделудің маңыздылығы ерекше аталады. Себебі мұнда тек декарбонизациямен шектелуге болмайды, климаттың өзгеруі азық-түлік қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Қазір әлемде климаттың өзгеруі №1 мәселе болса, №2 мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі болып отыр. Сондықтан агроорман шаруашылығы азық-түлік үшін ғана емес, басқа салалардан (өнеркәсіп, көлік, үй шаруашылықтары) шығатын қалдық шығарындыларды өтеу үшін де маңызды. 

− Температураның жоғарылауы жайылымдардың деградациясына, құрғақшылыққа, орман өрттерінің артуына, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Ұзақмерзімді перспективада климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін төмендетеді, бұл өз кезегінде фермерлердің қаржылық-экономикалық жағдайын әлсіретеді. Сондықтан, климатқа төзімді жер пайдалану тәжірибесіне көшу (AFOLU) осы сын-қатерге бейімделуге және экожүйелердің көміртекті сіңіру қабілетін қалпына келтіруге көмектеседі, - деді Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы А. Соловьева.

Мамандар болжамына сәйкес, 2060 жылға қарай мал шаруашылығы еліміздегі парниктік газдар шығарындыларының ең үлкен көзіне айналмақ, ал орман шаруашылығы мен жер пайдалану негізгі көміртегі сіңіргіштер болуы мүмкін.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Климатқа бейімделген ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және жер пайдаланудың басқа да әдістеріне көшу азық-түлік қауіпсіздігіндегі сын-қатерді еңсеруге, табиғи экожүйелердің атмосферадан көмірқышқыл газын сіңіру мен оны топырақ пен өсімдіктерде сақтау қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қазақстанда 30 млн гектар жер тозған

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, БҰҰ-ның Қазақстандағы Ұлттық үйлестірушісі Мұрат Теміржанов елімізде 116,5 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген. Бұл жерлерде жыл сайын топырақ құнарлылығын сақтау мен қалпына келтіру шаралары (органикалық және минералдық тыңайтқыштар енгізу) және егістік жерлерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

− Қазіргі уақытта түрлі деңгейде су және жел эрозиясына ұшыраған жерлердің көлемі шамамен 29,9 млн гектарды құрайды, бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің небәрі 14 пайызы. Оның ішінде жеңіл эрозияға ұшыраған жерлер – 5,4 млн га, орташа – 6,7 млн га, ал қатты эрозияға ұшыраған жерлер – 17,8 млн га. Жер эрозиясы көбінесе адам әрекетінен тыс табиғи факторлардың әсерінен болады. Алайда жер жырту, орман ағаштарын кесу және жерді тиімсіз пайдалану сияқты антропогенді факторлар эрозияны жеделдетуі мүмкін, бірақ олардың әсері ауқымды табиғи факторлармен салыстырғанда шамалы, - деді комитет төрағасы. 

Жердің тозуы мен шөлейттенуінің алдын алу мақсатында Қазақстанда әртүрлі бастамалар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Ең алдымен, 2017 жылы жайылымдарды ұтымды пайдалану және оларды басқару жоспарларын әзірлеу бойынша «Жайылымдар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сондай-ақ 2024 жылы депутаттар бастамасымен «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Қазір бұл заң жобасы бойынша топырақ сапасы мен оның құнарлы қабатын сақтау, деградация мен өзге де теріс құбылыстардың алдын алу, қоғамдық қатынастарды реттеу нормалары жан-жақты пысықталып жатыр. Осылайша, топырақты қорғау саласында қолданыстағы барлық нормалар (жер, экологиялық және су заңнамасы) бір Заңға шоғырланады. 

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Екіншіден, 2023 жылы бірыңғай топырақ қызметі – Жерді зерттеп-қарау жөніндегі жұмыстарды жүргізудің Мемлекеттік институты құрылды. Бұл мекеме жыл сайын топырақтың агрохимиялық және геоботаникалық зерттеулерін жүргізіп, жерді ұтымды пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Оған қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2030 жылдарға арналған топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру шараларының жол картасын әзірледі. Жол картасы топырақты кешенді зерттеуді және су мен жел эрозиясына қарсы іс-шараларды қамтиды.

Карбонды жобалар деген не?

Карбонды жобалар – фермерлердің зиянды шығарындыларды атмосфераға шығарудың орнына азайту үшін қандай да бір ауылшаруашылық және орман шаруашылығы әдістерін қолдану тәжірибесі. Ол үшін агрокәсіпкер «карбонды несие» ала алады, осылайша өзінің табиғатты қорғау жұмысының нәтижесін сатады.

Мұндай экономикалық перспективаны ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да жер пайдалану (AFOLU) жобалары қамтамасыз ете алады, халықаралық көміртегі бірліктері саудасына қатысуға және «жасыл» инвестицияларды тартуға мүмкіндіктер ашады. Қорыта айтқанда, карбонды жобалар атмосфераға шығарылатын зиянды газды азайтып, оның орнына көміртек өтемақысы (offset) алуға мүмкіндік беретін экологиялық жобалар.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Дәл осы Париж келісімі мемлекеттерге өздерінің декарбонизация бойынша ұлттық мақсаттарын дербес анықтауға мүмкіндік берген. Әрбір ел климаттың өзгеруі экожүйеге, адам денсаулығына және тәуелді секторларға қалай әсер ететінін, қандай салдары болатынын есептеп шығуы керек. 

Бұл бейімделу жоспарлары алдын алу шараларын, алдын алу мүмкін болмаса, залалды азайту, оған қанша қаражат керек, қандай инфрақұрылым қажет, денсаулық сақтау жүйесі қалай өзгеруі тиіс деген тақырыптарды қамтуы керек. Әр елде бейімделу жоспары болуы қажет. Өз кезегінде Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға азайтуды міндетіне алды. Сонымен қатар 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына (net-zero) қол жеткізуді мақсат етеді.

Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия жаһандық климаттық қатерлер алдында» халықаралық конференциясында Қазақстанның кең даласы карбонды егіншілік пен экожүйелерді қалпына келтіруге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстан аумағы 272,5 млн гектарды құраса, оның ішінде 186 млн гектары – жайылымдар және бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 5-орында тұр. 

БРИКС-тің Халықаралық бәсекеге қабілетті құқық және саясат орталығының дерегінше, 2050 жылға дейін көміртегі өтемақыларымен сауда жасау елімізге жыл сайын 35 миллиард АҚШ долларына дейін табыс әкеле алады. Мұнда ауыл шаруашылығы мен орман өсімдіктері арқылы атмосферадан көміртекті сіңіріп, оны топырақта сақтау әдістері айтылып отыр. 

Оксфорд университетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы көмірқышқыл газын секвестрациялаудың техникалық әлеуеті жылына 535 млн тоннаға бағаланады. «Карбонды егіншілікті» дамытудың негізгі шарты жер пайдаланушылар мен жер иелерін жасыл технологияларды енгізуге ынталандыру болмақ. 

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Бұл ретте «Карбонды егіншілікті» табысты енгізу мен ауыл шаруашылығындағы көміртек жобаларын іске асыру мемлекеттік қолдау шараларын, ғылыми-техникалық базаны дамытуды, заманауи агротехнологияларды енгізуді және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді.

Кәсіпорындардың залалды өтеуі, Париж келісімінің маңызды баптары

Климаттың өзгеруіне қарсы халықаралық құжат – Париж келісімінің 6-бабында мемлекеттер мен компаниялардың халықаралық ынтымақтастығына құқық берілген. Олар бір-бірінің аумағында парниктік газ шығарындыларын азайтуға немесе жоюға бағытталған жобаларды жүзеге асыра алады. Олардың арасында топыраққа көміртекті сіңіру, биомасса арқылы сіңіру, технологиялық жолмен ұстау және оны шикізат ретінде пайдалану жобалары бар.

Сонымен бірге, 6.2 бапта елдердің үкіметтері арасындағы келісімдер туралы жазылған. Әдетте дамыған ел инвестиция, технология арқылы көмек ұсынады, ал даму жолындағы ел өз бетінше шығарындыларды азайта алмайды, ол үшін ресурсы, білімі, технологиясы жетіспеуі мүмкін. Бұл Қазақстан үшін өте тиімді, өйткені еліміз климатқа қосатын ұлттық үлесіндегі амбициялы мақсаттарын орындауы керек. 

− Ал 6.4 бап – жеке сектор, яғни халықаралық компаниялар үшін маңызды. Бүгінде жаһандық қаржы секторы жауапты инвестиция қағидаларын ұстанады. Сондықтан көптеген компаниялар өздерінің көміртектік ізін азайтуға ұмтылады. Олар басқа жобаларға инвестиция салып, кейін көміртек сертификаттарын алып, өз шығарындыларын өтегенін дәлелдей алады. Яғни «Мен өзімнің шығарындыларымды өтедім, оларды мейлінше азайттым және нөлдік көміртек ізіне қол жеткіздім. Яғни, мен климатқа жауапкершілікпен қарайтын ұйыммын» деген месседж көрсетеді. Бұл оларға бедел, сенім, инвестициялық тартымдылық береді, яғни бәсекеге қабілетті арттырады, - дейді Гүлмира Исмағұлова.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы
Фото: Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығы

Ал 6.8-бап нарықтық емес механизмді сипаттайды. Мысалы, Қазақстанда кейбір қалаларда экологиялық ахуал өте нашар, онда онкологиялық аурулар мен өлім-жітім деңгейі жоғары. Себебі бұл қалаларда энергетика, химия, металлургия кәсіпорындары орналасқан, ал негізгі себеп – отын жағу. Мұндай кәсіпорындарды бірден жауып тастау мүмкін емес, өйткені олар халық пен өндіріс орындарына энергия өндіріп отыр. Бәрі бір-біріне тәуелді. 

− Мұндай жағдайда, жергілікті атқарушы органдар өңірлік декарбонизация бағдарламаларын жасап, ауаның ластануын, өлім-жітімді, аурушаңдықты азайту мақсатында жұмыс істеуі керек. Мысалы, Қарағандыда ауадағы PM2.5 бөлшектерінің деңгейі кей түндері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан 27 есе артық болған. Егер осындай бағдарламалар есептелсе, инвестиция көлемі нақтыланса, оларды Тұрақты даму мақсаттарына, 6.8-бапқа сай ұсынып, инвесторларды тартуға болады. Бұл жағдайда инвесторлар сертификат алуға ғана емес, елдің тұрақты дамуына көмектесу үшін де келеді. Мемлекет климаттың өзгеруінен туындайтын нақты шығындарды есептеуі тиіс. Егер мемлекет климаттың өзгеруі салдарынан қаншалықты осал екенін дәлелдей алса, онда ең алдымен Жасыл климаттық қордың қаражатына үміткер болар едік. Ал егер нақты жоспарлар болмаса, орын алып жатқан ресми шығындарды көрсете алмасақ, бұл қаражатты ала алмаймыз, - деді Г. Исмағұлова. 

Бұған дейін сарапшы Гүлмира Исмағұлова Қазақстандағы ластанған ауа қатерлі ісік пен туабітті ауруларды көбейткенін айтқан еді.

− Әсіресе ең нашар жыл – 2018 жыл болды. Одан кейін де Қарағанды, Теміртау, Астана, Алматы, Жезқазған және Ақтау қалаларында жағдай ушыға түсті. Қатерлі ісік, туабітті ақаулар, дені сау бала көтере алмау секілді аурулар бірден емес, жинақталған әсер салдарынан жүре келе пайда болды. 2018 жыл ең лас жыл ғана емес, қатерлі ісік пен туабітті аномалиялар бойынша ең қолайсыз жыл болды, - деді Г. Исмағұлова Сенатта өткен Экологиялық кодекс нормаларының іске асырылуы туралы Үкімет сағатында.

Соңғы жаңалықтар