Қобыз бен жетігенге сұраныс жоғары - қолөнерші Алмас Мұстафа
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақтың ұлттық аспаптарын алыс-жақын шетелге экспорттап, оларды әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген қолөнерші, этнодизайнер, зергер Алмас Мұстафамен Kazinform тілшісі сұхбаттасты.

- Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қолөнерге, оның ішінде ұлттық аспаптарды жасауға қалай келдіңіз ?

- Мен Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келдім. Бала кезден сурет салдым, суретші боламын деп университетке түстім. Бірақ өзім ойлағандай сурет өнерінде емес, қолөнер деген бөлімінде оқыдым. 4 жылда музыкалық аспаптар жасау сыныбын бітірдім. Иранда өткен фестивальде медаль алып келгенмін. Ректор «бізде қалуың керек» деп грант берді. Сөйтіп университетте магистратураны тәмамдадым. Одан кейін шеберхана аштым. 16 жылдай уақыт өтті, саз аспаптар, зергерлік бұйымдар, теріден жасалған бұйымдар, ер тоқым, ат әбзелдерін жасаймыз.
- Ұлттық аспаптарға ел ішіндегі және шетелдегі сұраныс қандай ?

- Мен алғаш жұмысты бастағанда қазақтың ұлттық аспаптарына сұраныс жоғары болған. Көбіне Қытайдағы қазақ бауырларымыз сатып алатын. Кейін Қытай ішкі саясатына байланысты онда аспап жіберу мүмкін болмай қалды. Ол тоқтаған соң, біз Астрахань және өзге елдердегі қандастарымызға интернет арқылы сауда жасай бастадық. Қазір біз шетелге қарағанда ішкі нарыққа жұмыс істейміз. Балалар аспаптары, домбыра, жетіген, прима қобыз өте жақсы алынады. Сондықтан біздің негізгі өнім бүгінгі күні - прима қобыз бен жетіген.
- Бір аспапты жасауға шамамен қанша уақыт кетеді ?

- Бір аспапты жасауға, тек шеберлікпен жасаймын десең шамамен 1 апта, 10-15 күн кетеді. Ал менде 5 жыл бойы, 10 жыл бойы бітпей тұрған аспаптар бар. Ақырын бір тұсын түртіп қоясың, ойланасың, қайтып келіп басқа тұсын өзгертесің. Ал балалардың аспаптары тіпті тез жасалады, 2-3 күн, әрі кетсе 1 аптада бітеді.
- Елімізде этнодизайн қалай және қандай бағытта дамып келеді? Шетелдік тәжірибе қандай ?

- Елімізде этнодизайн жеке адамдардың құлшынысымен дамып келе жатыр. Белгілі бір бағыт қойылған мемлекеттік бағдарлама жоқ. Бірақ Иранға қарасақ қолөнерге жылына 1 млрд доллар ақша бөледі. Ол жақта 41 провинция бар, солар арасында нәтижесіне қарай бөліп береді. Оған шеберлерге грант беріледі, шикізат алынады, тегін оқытылады, басқа да қажеттіліктері өтеледі. Нәтижесінде Иранның танымал кілемі, керамикасы, қыш-құмырасы, бұйымдары шығады. Жылдың соңында осы ақша 10 млрд доллар болып мемлекетке қайтады екен. Жүйені осылай қалыптастырған. Сол секілді біздің елде де осындай күн туады деп ойлаймыз. Біз жекелеген шеберлер әрине, өз жұмысымызды жасаймыз. Бірақ «жалғыздың шаңы шықпас» дейді.
- Қолөнер мен ұлттық аспаптарды әлеуметтік желіде дәріптеуды қалай бастадыңыз ?

- Мен Астанада өткен Көшпенділер ойындарына дейін әлеуметтік желіге көп бейнежазба түсірмейтінмін. Бірақ осы жарыстан кейін танымдық бағытта роликтер түсіретін болдым. Қазіргі дейін TikTok-та біраз жазба салдым, әлі түсіремін. Өйткені қолөнерге қызығатын аудитория бар. Көбісі түсінбесе де, бейнежазбаларды көріп, пікірлерін жазады. Мен балалар, жастар көрсін деймін. Жалпы TikTok желісіндегі парақшамда қолөнер, оның ішінде саз аспаптар жасаудың сырымен бөлісемін. Оған қоса, «ауылдың вайбын» саламын.
- Қандай ұлттық аспапты жасау өзгелеріне қарағанда қиынға соғады ?

- Негізгінен аспапқа тәжірибе жасап, жаңадан жасап шығарған қиын. Бұрынғы заманда болды деген деректерді сүйеніп жасайсың. Сол жасағандардың ішінде нақты біреуі сүйікті аспабым деп айта алмаймын. Себебі қайсысы қолыма түссе де, соған барлық махаббатымды беремін. Шамам жеткенше әдемі, қайталанбайтындай жасауға тырысамын. Тек «ертең ол өміршең болса екен», «елдің қолында қалса екен» деген оймен жасаймын.
Осыған дейін Павлодарда дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың домбырасы сақталып тұрғаны туралы жаздық.