Көкшетаудағы бекеттен жанармай құйып шыққан көліктер күре жолда тоқтап қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік иелеріне жанармай құю бекеті басшылығының келтірілген залалды өтеу міндеттемесін растайтын кепілдік хаттары берілді.
Жүргізушілер әлеуметтік желіде сапасыз бензинге шағым айта бастады.
Белгілі болғандай, Зеренді күре жолына шыға берістегі жанармай құю бекетінде жанармай құйғаннан кейін бірнеше көлік жолдың дәл ортасында тұрып қалған. Жүргізушілер көліктерін тастап, қалаға жаяу қайтуға мәжбүр болған.
Көкшетау кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы департаменті жанармай құю бекеті басшылығы ұсынған ақпарат негізінде 15 көлік сапасыз жанармайдан зардап шеккенін анықтады.
— Барлық көлік жанармай жүйесін тазалау үшін техникалық қызмет көрсету стансаларына жіберілді. Көлік иелеріне жанармай құю станциясы басшылығының келтірілген залалды өтеу міндеттемесін растайтын кепілдік хаттары берілді, — делінген мәлімдемеде.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстандағы бензинге қатысты шағымдардан кейін жанармайдың мұнай өңдеу зауытынан жанармай құю станциясына дейінгі жолы тексеріліп жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз бензин салдарынан көлік бұзылғанда шығынды кім өтейтінін айтты.