03:20, 03 Тамыз 2023 | GMT +5
Көкшетаудың орталық көшесінде көлік жанып кетті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетаудың орталық көшесінде жеңіл көлік түгі қалмай өртеніп кетті. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видео кадрларынан жеңіл көліктің қызыл жалынға оранғанын, оны өрт сөндірушілер өшіруге тырысып жатқанын көруге болады.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 2 тамыз күні, сағат 16:58 шамасында Абай көшесінің бойында болған.
«Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 7 адам және 1 өрт сөндіру техникасы тартылды. Жалын сағат 17:04 ауыздықталып, 17:08 толық сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының Біржан сал ауданында құрғақ шөп өрті сөндірілгенін жазған едік.