Көкте бүркіт қана бағытын ешқашан өзгертпейді — ұшқыш
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жас ұшқыш Битөре Оразбай Ақтөбе аумағында құтқару, науқастарды тасымалдау тапсырмаларын орындайды. «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ қызметкері оқу мен тәжірибе арасындағы байланысты, жұмысы жайлы айтып берді.
— Жас ұшқыш қайда білім алып, қай жерде тәжірибе жинады?
— Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылының тумасымын. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепті бітіріп, 2019 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Сол кезде 4 жыл, тәжірибені қосқанда 5 жыл бойы білім алдым. Біз 2, 3 және 4 курста тәжірибе жинаймыз. Бес жылдың ішінде Қарағандыда, Беларусьтің Минск қаласында болдық. Сонымен бірге «ҚазАвиаҚұтқару» компаниясының тікұшақтарымен жоспарлы ұшу жұмыстары жүргізілді. Қолыма диплом алған соң осы компанияға жұмысқа келдім. Биыл бір жыл толды.
Елімізде жоғары оқу орнын бітірген ұшқыштар түгел жұмысқа орналасады. Себебі бұл саланы таңдайтын адам санаулы. Өзімнің тобымда 5 адам болды. Оның үшеуі қазір Eurocopter тікұшағын жүргізеді. Бірі Көкшетауда, екіншісі Алматы қаласында. Тағы екеуі МИ-8 және К-32 тікұшақтарын басқарады. Айырмашылықтары бар. Мәселен Eurocopter тікұшағына ең көбі 9 адам міне алады. Ал МИ-8 тікұшағы 30 адамды да тасымалдайды. Өзім бір жыл ішінде түрлі құтқару, көмек көрсету тапсырмаларын орындауға қатыстым.

— Ұшқыш оқиды, оқи жүріп, тәжірибе жинайды. Сіздер үшін нағыз тәжірибе ол — ұшу сағаттары. Жұмысқа кіріскенде тағы жаңа дүние үйрендіңіз бе?
— Әрине, үйренгеніміз көп. Біз санавиацияның қыр-сырын меңгердік. Кезекшілікте іздеу, құтқару жұмыстары болды. Егер адам іздейтін болсақ, бізге координаттарды береді. Сол жер адамды іздеу әдістерін пайдаланамыз. Тікұшақта екі ұшқыш, сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері болады. Негізі іздеу жұмысын сол мамандар жүргізеді. Біз де жан-жақты бақылап отырамыз.
— Тікұшаққа маман ретінде алғаш отырған сәт есіңізде ме?
— 2022 жылы Қарағанды қаласында Robinson R44 тікұшағына отырдым. Ол жерде нұсқаушылармен бірге 50 сағат ұштық. Тікұшақты алғаш рет сол кезде сезімдім. Бұл қалада 8 адамға екі тікұшақ берілді. Алма-кезек ұшып, тәжірибе жинадық. Оған 3 ай уақыт берілді.

— Қазір қанша сағатқа жетті?
— Сағатты өзіміз де санаймыз. Қазіргі Eurocopter ЕС 145 тікұшағында 194 сағат ұштым. Robinson R44 тікұшағында 105 сағаттық тәжірибем бар. Бұл Қарағанды мен Минсктегі уақыт.
— Іздеу, құтқару, көмек көрсету жұмыстары туралы айтып берсеңіз…
— Ең ауыр тигені — жүк және жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель көлігінің соқтығысуы. Сол кезде шұғыл шақырту түсіп, Самара-Шымкент тасжолының Белқопа ауылы маңына бардық. Зардап шеккен бір адамды Хромтау қаласындағы ауруханаға жеткіздік. Бір күннен соң қайта шақырту түсіп, зардап шеккен төрт адамды Хромтаудан Ақтөбе қаласына тасымалдадық.
— Командир мен екінші ұшқыш міндеттерін қалай бөлісіп алады?
— Тікұшақ көбіне жер бетінен 600 метр биіктікте ұшады. Тікұшақты командир немесе екінші ұшқыш басқарады. Кабинаға кірген кезде командир кімнің басқаратынын алдын ала айтады. Тікұшақты екі адам бірден басқара алмайды. Кейде барарда командир, қайтар бағытта екінші ұшқыш ретінде мен басқарамын.

— Қай кез қауіпті?
— Әр командирдің минимумы болады. Тапсырма да соған сай беріледі. Мәселен қазір командирде көру аймағы 2 мың метр болуы тиіс. Әуе командирі осы кезде ғана ұшуға шешім қабылдай алады. Ал егер ауа райы сол минимумнан төмен болса, рұқсат бермейді.
— Ақтөбеде ауа райы керемет, ал шалғай ауылда боран болса…
— Ол кезде ұшуға рұқсат бермейді. Екі жақта да ауа райы қолайлы болуға тиіс.
— Ұшқышқа қойылатын талаптар қандай?
— Жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. Әрине, салмақ маңызды. Себебі ұшқыштың салмағы мен бойы сай болуы тиіс. Егер сай келмесе, қайта тапсырады.

— Ақтөбеге қалай келдіңіз?
— Елімізде көп қалада екінші ұшқыш болмады. Оның ішінде Ақтөбе, Павлодар, Көкшетау, Ақтау, Қарағанды қалалары бар. Болашақта командирлердің жанында жүріп, тәжірибе жинап, өзім де сол деңгейге жеткім келеді. Ол үшін сағат жиналуы тиіс. Кейін командир жолына дайындайды. Білім мен тәжірибе қатар шыңдалуы керек. Аспанда шешімді командир қабылдайды, бірақ экипаж өзара ақылдасып, ортақ мәмілеге келеді.
— Көкте не кезігеді?
— Көктем мен күзде құс келіп, жылы жаққа оралады. Сол кезде құстар жиі кезігеді. Бірақ бізде бетпе-бет соқтығысу болмады. Құстарды көргенде бағытта өзгертеміз. Әсіресе көкте бүркіт бағытын ешқашан өзгертпейді. Одан өзіміз қашамыз.

Айта кетейік, ТЖМ «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ Ақтөбедегі бөлімінде кезекші экипажда төрт қызметкер бар. Экипаж Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан сұраныс алып, жолға шығады. Экипаж жазда 1 сағат, қыста 1,5 сағат бұрын келіп, әзірленуі тиіс. Шұғыл шақыртуларға да шығады. Тек тұман, борынды күні және түнде ұшпайды. Сенбі-жексенбі және мейрам күндері деп бөлмейді. Экипаждың жұмыс орнында отыруы міндетті емес, тек қоңырау шалғанда дереу жетіп болуы тиіс. Құтқару, науқастарды тасымалдау жұмыстарын жүргізетін тікұшақтардың әуе отыны 500 шақырымға ғана жеткілікті. Сол себепті Ақтөбе облысы бойынша Шалқар ауданында жанар-жағармай стансасы жұмыс істеп тұр. Ал егер қосымша бак болса тағы 1 сағат қосылады.
Еске салсақ, қараша айында ғана Шымкент халықаралық әуежайында жаңа L-410 көп мақсатты әуе кемесін қабылдау рәсімі өтті. Бұл ұшақ Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржылай қолдауымен сатып алынды. Жаңа техника Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңартылып жатқан авиациялық паркіндегі үшінші ұшақ.