Көктемгі тасқынға дайындық: Ақтөбеде әкімдіктер қайық пен дрон сатып алып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 58 елдімекен су басу аумағында тұр. Қазіргі кезде аудан әкімдіктері қайық пен құм толтыруға арналған қап сатып алып жатыр.

Көктемгі тасқынға дайындық: Ақтөбеде әкімдіктер қайық пен дрон сатып алып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Былтырғы су тасқыны кезінде материалдық шығынға ұшыраған аудандарда қазір жаппай сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Олар алдын ала өзендердері мұзды жарып, құм толтыруға қажетті қапты түгендеді. Kazinform былтыр жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған 6 ауданды саралап көрді. Мәселен, Мұғалжар ауданы 7,3 млн теңгеге қайық сатып алды. Сонымен бірге конкурста жеңіп алған кәсіпкер 2 мың қапты 432 мың теңгеге жеткізіп беруге келіскен. 

Қобда ауданында құм толтыруға арналған 30 мыңнан астам қап сатып алынды. Мемлекеттік сатып алу кезінде 2,4 млн теңге ұсынылғанымен, жеке кәсіпкер 1,1 млн теңгеге келісім берген. Сонымен бірге 2 дана мотопомпаға 840 мың теңге қарастырылды. Аудан әкімінің аппараты көктемгі су тасқынына дайындық кезінде 2 дронға да тапсырыс беріп, 1,8 млн теңге шығарды. Тағы 10 мотосорғы, 336 төсек-орын, 9650 қап сатып алуғаға конкурс жариялап, 8,5 млн теңге қарастырылды. 

Ырғыз ауданы болса биыл мұз жару жұмыстарына 10 млн теңге ұсынып отыр. Қазіргі кезде Мемлекеттік сатып алу жүргізіліп жатыр. Екі мотосорғыға тапсырып беріп, 304 теңге жұмсады. 
Ойылда мұз жару жұмыстарына 8 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қазіргі кезде Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтті. Мұндай конкурс ақпанда өтті, наурызға да жоспарланған.
Әйтеке би ауданында да мұз жару жұмыстары қарастырылған. Мұнда 5,8 млн теңге қарастырылды. Сонымен бірге 1 мың дана қап сатып алуға 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Әр қап бұл ауданда 106 теңге деп бағаланып отыр.

Темір ауданында мотосорғы, құм салуға арналған 2 мың қап алды. Моносорғының әр данасын 84 500 теңге деп бағалап, жеңімпаз 10 данасын жеткізуге келісім берген. Ал 2 мың қапты алуға 710 мың теңге жұмсады. 

Еске салсақ, Ақтөбеде 58 елдімекен су басу аумағына тұр. Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 жедел автомобиль, 2 квадроцикл, 15 моторлы үрлемелі қайық, 340 су өткізбейтін комбинезон, 44 тасымалдау мотопомпасы, 3 тіркеме мотопомпасы, 1 сүңгуір автомобилі, 2 құтқару қайығы, 14 сүңгуірлерге арналған тыныс алу аппараты, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Бұл дайындыққа жергілікті бюджеттен 420 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. 

Соңғы жаңалықтар