Көктерек орманшылығында жалғыз орманшы әйел еңбек етеді

Павлодар
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Орманшы болу оңай емес. Оның қиындығын тек төзімді, әр нәрсені сабырмен ойлай білетін, табиғатты аялай білетін адам ғана еңсере алады. Кенжегүл Қожабекованың орманшылық кәсіпті меңгергеніне 5 жылдан асыпты.

Көктерек орманшылығы — «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватына қарасты құрылымдардың бірі. Мемлекеттің табиғи байлығын қорғайтын мамандық иелері күні-түні еңбектен бір тынбайды. Кенжегүл Қожабекова — орманшылықтағы бас орманшының көмекшісі. Мекемедегі 16 қызметкер арасында жалғыз әйел орманшы.

Орманшылар
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Орман қорғау ісіндегі күнделікті құжаттарды тексеру, көктемде қарағай көшеттерін отырғызу, қарағай ішіндегі заң бұзушылықтарды тексеру, орманшылардың жалпы жұмысын қадалағау, тағысын-тағы міндеттері бар.

— Негізгі миссиямыз — табиғаттың иен байлығын көзіміздің қарашығындай сақтап, көбейту болғандықтан, соңғы жылдары орманның жанып кеткен бөліктерін қайта қалпына келтіру, тың жерлерге көшеттер егуге көңіл бөліп отырмыз. Қарағай бүршіктерін күн суытқан мезгілден бастап жинай бастаймыз. Жалқарағайлар биік өсетін өсімдік. Ұзындығы 5-6 метрлік ілмек жасап, ұшар басындағы бүршіктерді қағып түсіреміз. Сапалы тұқымдар негізінен әлгіндей бүршіктерден шығады. Өкінішке қарай, былтыр жаз құрғақ болып, бүршік те аз шықты. Екі есеге аз тұқым, яғни 2 тоннадай ғана бүршік жинадық. Оны кептіріп, арнайы құралда ұсатып, орташа көлемдегі тұқымдарын ғана іріктеп аламыз. Ұсақтары мен тым үлкендерінен дұрыс көшет өнбейді. Бұйырса, биыл көктемде 65 гектар жерге көшеттер отырғызамыз, -деп әңгімеледі орманшы апай.

орманшы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Негізі Көктерекке 16 880 гектар орман алқабы қарайды. Былтыр орманшылық қызметкерлері 135 гектарға 2 жылдық қарағай көшеттерін отырғызып шыққан. Көктемде олардың жай-күйі тексеріліп, тым болмағанда 65 пайызы өз өміршеңдігін сақтап қалғаны анықталса, нәтиже бар деп есептеледі. Құрғап қалған көшеттер қолмен жұлынып, орнына жаңадан көшеттер егіледі. Ал жас қарағайлардың өміршеңдік көрсеткіші одан төмен болса, алқаптарға техниканың көмегімен қайтадан толықтай отырғызу іс-шаралары жүргізіледі. Былтыр отырғызылған көшеттердің басым бөлігі құрғақшылықтан күйіп кеткен. Оларды қолдан суару мүмкін. Себебі көп жерлер орманшылық мекемесінен 40-50 шақырым жерде әрі шашырай орналасқан.

Резерваттың Бесқарай филиалына Көктеректен бөлек, тағы 6 орманшылық — Майқарағай, Тайғабар, Бәйімбет, Бесқарағай, Маралды, Көкжал қарайды. Бір гектарға шамамен 4444 қарағай көшеті отырғызыладыдесек, ол жердегі тәлімбақта жыл сайын миллиондаған түп қарағай бүршігі бапталып, өніп шыққан 2 жылдық жас қарағайлар орманшылықтарға таратылады.

орманшы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

«Орманшылардың жұмысы оңай емес. Қыста бүршік жинаудан бөлек, көктемгі егіс жұмыстары үшін ылғал жинаймыз. Ол былай: қарағай көшеттері отырғызылатын танаптарға қарды үймелеп жинаймыз да, үстін қалың шөппен жауып тастаймыз. Көмілген қар көктемде ұзақ уақыт ерімей жатады. Сәуір айында жас көшеттерді отырғыза бастағанда тамырын қар кесектерімен бірге көмеміз. Тамыр айналасындағы топырақта ауа қалмауы мұқият қадағаланады. Бұл әдіс көшеттердің тамырына көпке дейін ылғал беріп тұруға арналған. Әрі қарай жаздың жаңбырына іліксе, өміршеңдігін сақтап қалу мүмкіндігі мол. Жас қарағайларымыз жайқалып өсе бастағанда біз үшін ол үлкен қуаныш» дейді Кенжегүл апай.

отбасы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Оның жолдасы да осы салада ұзақ жылдардан бері еңбектеніп келеді. Орманшылар отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. Еңбекақылары жуықта 100 пайызға көтеріліп, әріптестерімізбен бірге материалдық жағдайларымыз дұрысталып қалды дейді нәзік жан. Көктеректегі техникалар да біртіндеп жаңара бастаған. Әрине барлығы бір демде жаңарып шыға келмесі анық, дегенмен соңғы уақытта там-тұмдап алынып жатқан заманауи көлік құралдары епке сеп. Орманшы әйелдің айтуынша, сонау 1995 жылдары резерват аумағында үлкен өрт оқиғаларының салдарынан өзге жаққа ауып кеткен жануарлар қазір өз мекендеріне қайта орала бастаған. Соның ішінде ұзақ жылдар көрінбей кеткен тиін саны көбейіпті. Дала ешкілері орман ішінде өріп жүреді, сілеусін де оқта-текте көзге түседі.

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты
Соңғы жаңалықтар