«Көктөбе» телемұнарасының үш өлшемді түрлі-түсті моделі пайда болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қазтелерадио» АҚ «Көктөбе» телемұнараға қатысты жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

1983 жылы салынған «Көктөбе» телемұнарасы «Қазтелерадио» АҚ телехабар тарату инфрақұрылымының маңызды бөлшегі.Телемұнара бүкіл республика көлемінде миллиондаған көрерменге хабар таратуды қамтамасыз етеді.
Биіктігі 371,5 метр мұнара Қазақстанның еркін тұрған имараттары ішінде биіктігі бойынша екінші орынды және әлемде 41 орынды иеленеді.
«Көктөбе» телемұнарасы телевизиялық және радиосигналдар жіберуде шешуші рөл атқарып, тұрақты әрі сапалы хабар таратуды қамтамасыз етіп отыр.
«Енді оның бірегейлігін цифрлық пішінде бағалауға болады. Kazakh Tourism және Yandex Qazaqstan жобасы аясында Яндекс карталарда «Көктөбе» телемұнарасының үш өлшемді түрлі-түсті моделі пайда болды. Оны енді барлық жағынан қарауға болады, ал түнгі тақырыпқа ауысқан кезде телемұнара қосымша әдемі сәулеленеді», - делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев қала символының бірі – «Көктөбе» телемұнарасының құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр-маусым айларында аяқталатынын жеткізген еді.