Көкжар жәрмеңкесі - елімізде тарихи ғимараттары сақталған жалғыз орын

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Ойыл ауданындағы Көкжар жәрмеңкесіне биыл 150 жыл толды. Жәрмеңкенің сауда қатарлары, кіріс-шығыс құжаттарын жүргізген комитет үйі, мешіті мен көпестердің үйі секілді тарихи ғимараттар тек Ойылда сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында құнды жәдігерлер сол күйі сақталған. Бай көпестердің үйі қазір интернат үйіне айналды. Ал жәрмеңке кезінде қарапайым адамдар қоныстанған үйлерде әлі күнге дейін ойылдықтар тұрады. Жеке, коммуналдық меншіктегі ғимараттардың негізі сол күйі сақталған, кейбірі жаңартылған. Сонымен қатар, сауда қатарлары мен мешіт ғимараты жөнделді, қалпына келтірілді. Ел арасындағы қарым-қатынасты орнатып, сауда-саттықты дамытуға, спорт пен мәдениеттің дамуына серпіліс берген Көкжар жәрмеңкесі кезінде мал және мал өнімдері, ағаш, темір бұйымдары, ыдыс-аяқ, мата сатылған. Мұрағаттардағы құнды деректерді жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алған Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейі тағы бір құжатқа қол жеткізді. Құжатты Мәскеуде тұратын ақтөбелік Олег Ярещенко тапсырған.

null 

«Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесі ең алғаш рет 1967 жылы Қазыбек боласында ашылды. Қазақ жерінде бірнеше жәрмеңкелер болған. Қазіргі кезде сауда қатарлары мен жәрмеңкенің комитет үйі сақталған тек Көкжар жәрмеңкесі болып тұр. Көкжар жәрмеңкесі кезінде тұтынған күміс қасық, шайдың қалайы қорабы, қыш ыдыстары мен сол жылдары түсірілген суреттер музейде сақтаулы. Әлі күнге дейін 150 жылдық тарихы бар жәрмеңке деректері жинақталып жатыр, зерттеу жұмыстары тоқтаған емес. Мәселен, Мәскеуде тұратын жерлесіміз Олег Ярещенко бағалы құжатты тапсырды. Құжатта жәрмеңкенің ашылу уақыты, сатылған заттар тізімі нақты жазылған. Күндері мен сағаты да жазулы тұр», - деді Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің меңгерушісі Балқия Ырысбаева.

Музей қорында жәрмеңке комитеті үйінің кіріс, шығыс құжаттары, сол жылдары қолданыста болған ақша мен манеталар жинақталған. Ұлы Жібек жолының тармағы, жалғасы саналған Көкжар жәрмеңкесі туристерді жиі қызықтырады. Олар жаңартылған сауда қатарларын емес, ескі ғимараттарды жоғары бағалайды.

null 

Айта кетейік, жеңмеңкенің сауда қатарлары Ойыл маңындағы қызыл құмнан құйылған қызыл кірпіштен қаланды. Жәрмеңке алғашқы жылдары Қазыбек болысындағы ашық аспан астында ұйымдастырылып, екі жылдан соң Барқын шатқалына көшірілген. Сол жылдары Ойыл бекінісі тұрғызылып, әскери нысандар салынды. Әскери нысандардың орны сақталғанымен, ғимараттар қирап қалған. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын аудандық музейдің қызметкерлері жүргізіп жатыр.

«Көкжар жәрмеңкесінің негізгі ғимараттары сақталған. Бірақ Кеңес үкіметі кезінде керуен сарайы мен лау (белгілі бір жерге жеткен соң ат ауыстырып мінетін орын - ред.) мал шаруашылығына пайдаланылып, жойылып кетті. Негізі лау 1929 жылға дейін жұмыс істеген. 1937 жылы шаруашылыққа қолданылды. Сол жылдары жәрмеңке кезінде түсірілген суреттер музейде сақтаулы тұр. Бұл жәрмеңкенің ең соңғы жылы еді. Елдегі қуғын-сүргін жәрмеңке жұмысын әлсіретіп, соңында жабылды. Қуған-сүргінге ұшыраған Ойыл азаматтар туралы құжаттар да тым аз. Негізі жәрмеңке туралы құнды деректер Орынбор мұрағатынан табылып жатыр. Бәрі сол жерде сақтаулы»,- деді музейдің экскурсия жетекшісі Дулат Исабев.

Оның айтуынша, Көкжар жәрмеңкесінде Қызыл Тұрдалы, Есір Айшуақұлы, Құрманғазы секілді жыршылар, күйшілер арнайы келген. Әнші, күйшілер ғана емес, тігіншілер де болған. Тай-тай мата сатылған кезде сатып алушылар қажетті киімін жәрмеңке кезінде тіктірген. Шайхана жұмыс істеген. Үлкен диірменге бидай тартып, ұн алып кеткендер де болған. Бұл жәрмеңкеде атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің әкесі Берсе жұмыс істеген.

null 

«Жергілікті халық тұрмысқа қажетті заттарды сатып алды. Көкжар жәрмеңкесі халықтар арасында ынтымақ пен достықты қалыптастырды, спорт, мәдениетті дамытты, білімді жетілдірді. Өзбектер мақта, орыстар тұрмысқа қажетті заттар, әр елден келген керуендер жібек мата тасыды. Осының бәрін құжатқа тізіп отырған ойылдық Меңдібай Күмісбаев болды. Ол 40 жыл бойы жәрмеңкеде жұмыс істеген. Ойылдағы мешіт 1893 жылы салынды. Көкжар мешіті қызыл кірпіштен қаланған, ағаштарын түйемен Орынбордан әкелген. Мешіт жаңартылып, жұмыс істеп тұр», - деді Дулат Исабаев.

Қазіргі кезде аудандық музей Мәскеуде тұратын ақтөбелік Олег Ярещенко берген құжаттарды тіркеп, зерттеу жұмыстарын бастады. Кейін құжат музейге қойылып, келушілерге көрсетіледі. 

null null null null 

Соңғы жаңалықтар