Көкжайлау және жаңа аспалы жол: Алматы тау кластері қалай дамиды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлемнің түкпір-түкпірінен туристер жиналатын торапқа айналған Алматы тау кластері қалай дамымақ? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

«Көк-Жайлау» жобасы дамиды
Фото: Александр Павкий/Kazinform

Өткен жылдың 9 айында Алматыға 1,7 млн турист келген. Оның 500 мыңнан астамы — шетелдік саяхатшылар. 

Мегаполис еліміздегі туризм көрсеткіші бойынша көп жылдан бері алда келеді. Оған туристер үшін тартымды Алматы тау кластерінің әсері бары сөзсіз.

Осы орайда агенттік Туризм және спорт министрлігіне айтылған аймақты одан әрі дамыту жоспары жайында сауал жолдады.

Ведомство жауабына сәйкес, қазіргі уақытта Алматы тау кластерін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр.

Бұл жоспар шеңберінде аумақтың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып және экожүйенің тұтастығын бұзбай аспалы жолдарды, тау-шаңғы трассаларын салу, кемпингтер, визит-орталықтар, экологиялық маршруттар мен навигациялық инфрақұрылым құру жоспарланған.

— Алматы тау кластерін Қазақстандағы алғашқы жыл бойы жұмыс істейтін ірі туристік жоба ретінде дамыту — Алматының халықаралық туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтудағы маңызды қадам болады, — делінген Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаевтың жауабында.

Таулы аймақтағы туризмді дамытудың басым бағыттардың бірі — Шымбұлақ және Oi-Qaragai тау шаңғы курорттарын Қимасар, Бутаковка шатқалдары арқылы аспалы жолдармен және тау шаңғысы трассаларымен қосу болмақ.

— Биыл дайындық жұмыстары басталады. Геодезиялық және геотехникалық талдау жүргізу, аспалы жолдардың, тау шаңғысы трассаларының және басқа да инженерлік инфрақұрылымның құрылысын жобалау мен реконструкциялауды қамтамасыз ету үшін техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр, — деп жауап берді вице-министр.

Одан бөлек Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Алматы тау кластерінде туризмді дамыту үшін навигациялық объектілерді орната отырып, жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 10 тау бағыты құрылады.

Сонымен қатар күн панельдерін орната отырып, жетуі қиын жерлерде үш кемпинг-аймақ ашылады, Алма-Арасан бұлағы қайта жаңартылады және Фурманов шыңының етегіне әткеншек орнатылады.

— Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлу, сондай-ақ жеке инвестициялар тарту көзделген, — деп түсіндірді ведомство.

Алматинский горный кластер, Кок-Жайляу
Фото: Үкімет

Көкжайлауда тау курорты бола ма?

2014 жылы Үкіметтің қаулысымен жалпы аумағы 1002 гектар Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жері айрықша қорғалатын табиғи аумақ санатынан Алматы қаласының Медеу ауданының қоры санатына Көкжайлау тау шаңғы курортының құрылысы мен жұмыс істеуі үшін берілген болатын.

2019 жылы қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықтың пікірін ескере келіп, Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасына тыйым салған еді.

Ал 2022 жылы «Көкжайлау» шатқалы Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтарылды.

Туризм және спорт министрлігі Алматы тау кластерін дамыту жоспары аясында Көкжайлау тау курортына қатысты қандай шешім қабылданғанын да хабарлады.

— Қазіргі уақытта Көкжайлау шатқалындағы тау курортының тұжырымдамасы мен жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау үшін қажетті талдамалық жұмыс жүргізілуде. Жобаны қаржыландыру қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады, — деп хабарлады министрліктен.

Ресми жауапқа сәйкес, Көкжайлау жобасын құрылыс жүретін аумақты ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан, яғни Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамынан шығармай жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Одан бөлек ведомство жаңа курорт жобасының бірнеше жыл бұрынғы бастамадан қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді.

Атап айтқанда, жобаны іске асыру жоғары экологиялық стандарттарды сақтау бойынша басымдықпен жүзеге асады және іс жүзінде табысты жобаларды іске асырғаны белгілі халықаралық сарапшылар тартылады.

Сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмайтын заманауи, эмиссиясыз, шуылсыз және өзге де технология енгізіледі. 

Шымбулак
Фото: Kazinform

Оған қоса, курорттың жалпы аумағының 2-3 пайыздан аспайтын бөлігі ғана коммерциялық инфрақұрылымға, яғни қонақ үй, жалға беру пунктері, дүкендер үшін пайдаланылады.

— Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің қорғау аймағында курорт салудың заңдылығы туралы мәселеге қатысты Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңның 46-бабына сәйкес парктің жер учаскелері қолданыстағы инфрақұрылымы бар аймақтарда туристік қызметті жүзеге асыру үшін, сондай-ақ жаңа инфрақұрылым жүргізу үшін бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге қысқамерзімді пайдалануға және бес жылдан жиырма бес жылға дейінгі мерзімге ұзақмерзімді пайдалануға беріледі, — деп хабарлады министрліктен.

Еске салайық, бұған дейін Күйгенсай шатқалында туристерге арналған жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар