Көлігімен адам қағып өлтірген ақтөбелік жүргізуші ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жол бойында тұрған адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлігімен адам қағып өлтірген ақтөбелік жүргізуші ұсталды

Оқиға 29 шілде күні Богословка тасжолында тіркелген болатын. Полиция бір адамның көз жұмғанын, жүргізушінің оқиға орнынан қашып кеткенін хабарлады.

«Полиция қызметкерлері жан-жақты іздеу жұмыстарын жүргізіп, 17 жастағы күдіктіні ұстады. Кәмелет жасқа толмаған күдікті «Ваз-2110» көлігін жездесінен алып, серуендемек болған. Сазды ауылынан Ақтөбе қаласына қарай бағыт алғанда жол жиегінде тұрған ер адамды қағып кетті. Тоқтамай қашып кеткен күдіктінің көлігі Алға ауданының Қарақұдық ауылындағы танысының ауласынан табылды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал кәмелет жасқа толмаған күдікті ата-анасының қарауына берілді. Көлік айып тұрағына жеткізілді.