Көлік және коммуникация министрі бастаған республикалық ақпараттық- насихат тобы Ақтөбе облысында болды

Бұл жайлы аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Асқар Жұмағалиев өз баяндамасында Елбасы Жолдауында Қазақстанның дамуындағы жаңа кезең ретінде экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту міндеттері қойылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы онжылдықта Қазақстан дамуының басты бағыты деп белгілеген әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды жүзеге асыруда он бағыт бойынша міндеттер кешенін алға қойды. Олардың ішінде қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы, қолжетімді баспана, өңірлердің дамуы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, кадрлар әлеуетін жақсарту міндеттері бар.
Өз баяндамасында министр Үкіметтің халықты жұмыспен қамту бағдарламасын, «Бизнестің жол картасы-2020», өңірлерді дамыту, шағын қалалар, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Ақтау қалаларында агломерация орталықтарын құру секілді шараларды кең ауқымда жүзеге асыруға кіріскенін мәлім етті. Сонымен бірге сот және құқық қорғау органдары мен зейнетақы жүйесін реформалау, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарларына да тоқталып өтті.
Баяндамада еліміздің көліктік - коммуникациялық кешенін дамытуға қатысты атқарылып жатқан іс-шараларға да баса көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы «Жезқазған - Бейнеу» және «Арқалық - Шұбаркөл» теміржол желілерінің құрылысы басталып, оларда қазіргі уақытта топырақ жабындысын салу жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қатар, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта салу жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары 1621 шақырымда жүргізілуде, оған отандық және шетелдік 87 компания тартылған. Осы жылы 606 км құрайтын жолды қайта салу жұмыстары аяқталды. Алдағы екі айдың ішінде дайын жолдың ұзындығын 700 км жеткізу жоспарланып отыр.
Республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын дамыту жайында баяндау барысында А. Жұмағалиев ағымдағы жылы Ақтөбе мен Орал қалалары арасындағы жалпы ұзақтығы 100 шақырымды құрайтын учаскені тапсыру және «РФ шекарасы - Орал - Ақтөбе» автожолының соңғы 33 шақырымын қайта салу жұмыстарына дайындықты бастау жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Болжамдарға сәйкес қайта салу жұмыстары аяқталған соң, Ақтөбе мен Орал қалалары арасындағы жол жүру уақыты , орташа қозғалыс жылдамдығы деп 80 сағ/км есептегенде, 2 есеге қысқарып, 5-6 сағатты құрайтын болады. Қайта салу жұмыстары басталғанға дейін жолдың нашарлығынан аталған ара қашықтықты жүріп өтуге 12 сағат уақыт кететін.
Көлік және коммуникация министрінің ақпараты бойынша халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну саласында бірқатар жұмыс атқарылуда. Жылдың аяғына дейін Ақтөбе облысындағы 15 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылатын болады.
Еліміздің ХҚКО-сын модернизациялау шараларымен қатар, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Елбасы өз Жолдауында 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60% электрондық үкіметке көшіру туралы тапсырма берген болатын.
Өткен жылы баланың туылғанын тіркеу, некені тіркету немесе бұзу, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар мен жылжымайтын мүліктің бар не жоғы туралы анықтамалар автоматтандырылып, «электрондық үкіметтің» www.egov.kz порталына енгізілген болатын. Қазіргі уақытта тұрғылықты жеріне тіркеу немесе тіркеуден шығару, тегі мен әкесінің атын ауыстырғанын тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және олардың өз әрекеттерін тоқтатқанын тіркеу қызметтерін автоматтандыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Айтып өту керек, 1 сәуірден бастап лицензияның барлық түрі тек электрондық нұсқада беріледі.
Министр телекоммуникациялық желілерді жаңғырту, ауылдарда телефон байланысын дамыту, цифрлық эфирлік телевизияны енгізу мәселелеріне де тоқталып өтті. 2013 жылдың 2-ші тоқсанында Ақтөбе қаласы мен қала маңындағы елді мекен тұрғындары үшін цифрлық эфирлік телевизия тәжірибелік-өндірістік пайдалануға беріліп, тұрғындар 30 телеарнаны цифрлық сапада көру мүмкіндігіне ие болады.
Өзінің баяндамасы барысында А. Жұмағалиев Үкіметтің Жолдау аясында жүзеге асырып жатқан өзге де жұмыстарының нәтижелері туралы айтып өтті, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жүргізілген реформалардың нәтижелеріне жиналғандардың назарын аударды.