18:01, 18 Шілде 2015 | GMT +5
Көліктерін соғыс ардагерлері атына тіркеп, салықтан жалтарып жүргендердің қулығы іске аспайтын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 189 мыңға жуық көлік иесі салықтан жалтарып жүр.
Бұл туралы мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Әбдісалан Сағымбек мәлім етті, деп хабарлайды kk.tvk-uko.kz. Оның айтуынша, өткен жылы 200 мыңға жуық көлік иесі тиісті салықтарын төлеп, нәтижесінде мемлекет қазынасына 187 млн теңге түскен. Алайда, салықтан жалтарып жүргендер қазынаға шамамен 1 млрд 874 млн теңге қарыз көрінеді. Бүгінде сол қомақты қаржыны өндіру үшін арнайы топ құрылып, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, басқарма басшысы көлік салығына қатысты бірқатар жаңалықтарға тоқталып өтті. Мәселен бұған дейін көлемі үлкен көліктер соғыс ардагерлерінің атына жазылып келген болса, енді мұндай қулық іске аспайтын болды. Өйткені көлемі 4 кубтан жоғары көліктердің барлығынан жеңілдіктер алынып тасталған.