Көліктің алдына түсіп 36 км жүгірген құтқарушы: Бүгінгі марапаттың орны бөлек

Ақтөбе облыстық ТЖД
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Мұғалжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрболат Тәжіғұлов бүгін Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол – биыл қыста көлік алдына түсіп 36 шақырым жүгірген 8 құтқарушының бірі.

Нұрболат Тәжіғұлов Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тумасы. Ол №5 орта мектепте оқып, 2013 жылы әскер қатарына шақырылады. 2014 жылы Отан алдындағы борышын өтіп келіп, 2016 жылы №8 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істеді. Қазір бөлімше командирі.

«Әрбір мезгілдің өз қиын кезі болады. Әсіресе, қыстағы боранда адам жоғалып, көлікпен жолда қалып қоятын жағдайлар кезігіп тұрады. Медициналық көмек жете алмаған кезде авариялық-құтқару жұмыстарына шығамыз. Ал көктемде су көтеріліп, жеке тұрғын үйлерді сақтау жұмысына қатысамыз. Жаз айларында дала өрттерін сөндіру жұмыстарын жүргіземіз. Одан бөлек тұрғын үйлерде өрт болады. Онда басқа есіктің құлыпталып қалуы, үйде балалардың қалып қою дерегі кездеседі», - деді Нұрболат Тәжіғұлов.

Ол төрт ағайынды. Апасы, ағасы және інісі бар. Өрт сөндіру-құтқару жұмыстары саласын таңдап, мақсатты түрде жұмысқа тұрған маман қазір тәжірибелі, білікті қызметкер. Биыл осы саланы таңдағанына 8 жылдан асты. Ол өзінен кейінгі замандастарына да ойланбастан осы саланы таңдауға кеңес береді.

«Бұл сала өте жауапты, абыройлы, мәртебелі жұмыстың бірі. Мен құтқарушы болуға шақырамын. Бүгінгі марапаттың орны бөлек. Жұмыс істеуге, алға қарай қадам басуға үлкен жігер берді. Әркімнің басына бермейтін бақ дер едім. Еңбек бағаланып, мәртебеге, марапатқа ие болу үлкен қуаныш. Бұған дейін екі рет ТЖМ алғыс затын алдым. Бұл – менің бірінші мемлекеттік наградам», - деді ол.

Еске салсақ, биыл ақпан айында Ақтөбеде қатты боран болды. Сол кезде төтенше жағдайлар қызметінің бір топ қызметкері көлік алдында 36 шақырым жаяу жүріп, қарияны аудан орталығындағы ауруханаға жеткізді. Көп ұзамай боранды күні шақыртуға жаяу барған төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің аты-жөні түгел белгілі болды: Мұғалжар ауданы №8 өрт сөндіру өлімше командирі Н.Тәжіғұлов, бөлімше командирі Д.Шамаков, қарауыл бастығы А.Әли, өрт сөндірушілер Е.Марат, А.Құсайынов және Ж.Сұлтамұратов, А.Сағындық, А.Жалғасов. Олар Қандыағаш қаласынан Басшилі ауылына жаяу барды. 

Соңғы жаңалықтар